Орыс труппасының 60-шы театр маусымы

Қазақ труппасының 34-ші театр маусымы

Пьеса Кафка мен кішкентай қыз

7

Кафка мен Кішкентай қыз

 

Екі актілі шытырман

Кейіпкерлер:

 

Кафка- пошташы

Кішкентай қыз- ертегіге сенбейді

Дуан долы -  бір қолы жоқ, айлакер әрі сиқыршы
Доди, Тути, Пути- үш жалқау
Гүлайша- жалғыз гүл
Шал мен кемпір

Чупа-чупс- шырын сататын қыз

Марғау Чупа чупстың досы

 

І акт

 

Кадр сыртынан дауыс:

 

«Ерте, ерте, ертеде. Ешкі жүні бөртеде... Ерте дегенде қатты алыс емес, осыдан бір екі ғасыр бұрын ғана, Ғажайыптар елінде  бір сиқыршы әйел өмір сүріпті. Оның үш ұлы болыпты. Ұлдары да өзі сияқты қара сиқырдың хас шеберлері боп өсіпті. Ұлдарының бұл қасиетінен қорыққан сиқыршы әйел «кейін менің тағымды тартып ала ма» деген оймен үлкен ұлын бұлтқа, ортаншы ұлын китке айналдырыпты. Сөйтіп үлкен ұлы аспанда, ортаншы ұлы суда қалқып кете барыпты. Енді кезек кенже ұлы Дуан долыға келгенде, кенже ұлы үйден қашып кетеді. Анасына ашуланған ол жай қашып кетпей, Ғажайыптар еліндегі барлық ертегіні де өзімен бірге ала кетеді. Содан бері ғажайыптар елінде ешкім ертегіге сенбейді екен. Және ешкім ертегі айтпайды. Тек  Қонжықтан басқа...»

Сахнада қызыл жемпірі бар Кішкентай қыз жылап тұр. Мойнында - дорба, дорбада-  түрлі-түсті асықтар.  Ол алдымен жылап, сосын жан-жағына қарайды. Сосын қайта жылап, қайта қарайды. Сахнаның оң жағынан қолында таяғы, басында қара шләпасы бар Кафка шығады. Қалтасында кітап. Ол жолай өтіп бара жатқан. Кенет қыздың жанына кеп тоқтайды. Кафка бір аяғын сылтып басады.

 

К: Сәлеметсіз бе, кішкентай бикеш! Неге жылап тұрсыз?!

Қыз жауап бермей, жылауын жалғастыра береді.

К: Кәмпит жейсің бе?

Қыз басын шайқап жылай береді. Кафка қипақтайды.

К: Мүмкін менің мына қалпағымды киіп көрерсің?! Біле білсең, ол сиқырлы. Киген адам бірден жылауын қояды.

Қыз Кафканың қалпағына қарайды да, қайта жылай береді. Кафка одан сайын қипақтап, олай- бұлай жүре бастайды. Ойланып жүр.

К: Біреу тиісті ме?
Қыз басын шайқайды.

К: Біреу жаман сөз айтты ма?

Қызын тағы басын шайқайды.
К: А-а-а! Таптым! Анаңнан адасып қалдың ба?

Қыз Кафканың жүзіне сәл назар тоқтатады да, тағы басын шайқайды.

К: Жақсы онда сенің көңіл күйіңді көтерейік. Қара! Мен билей аламын.

Кафка таяғын таянып, билей жөнеледі.

К: Міне ,былай. Хөле, хоп!

Кафка бір пируэт жасап, қайта орнына кеп тұра қалады. Қыз жылауын қойып, Кафкаға қарап қалған.
К: Саған би ұнайтынын сезгем. Биді ұнатпайтын қыз бар ма. Міне, жарайсың! Мен өзім сендей кезімде бимен де айналысқам. Керек десең «Қара жорғаны» да билеп бере аламын.

 

Кідіріс. Кафка қалтасынан беторамалын шығарып, терін сүртеді.

К: Ал, енді маған айтшы?! Сен кім боласың, қайдан жүрсің дегендей.

Қ[өксігін баса алмай]: Мен.. Мен ертегіге сенбейтін Кішкентай қызбын...

К[таңданып]: Рас па?! Мәссаған...!!!

 

Кафка қызды айналып толғанып бақылайды.

 

Қ: Біздің үйде ешкім ертегіге сенбейді.

К[одан сайын таң қалып]: Тіпті мамаң да ма?

Қ: Иә, мамам да. Ол маған ешқашан ертегі айтып берген емес.

К: Бұл қиын екен. Бұл өте қиын екен. Мұны жөндеу керек...[кідіріс] Айтпақшы, ал сен не үшін жыладың?

Қ: Мен.. мен.. қо-қонжығымды жоғалтып алдым...
К: Қалай жоғалтып жүрсің?!
Қ: Біл-біл-білмеймін... Сөмкем.. сөмкемде болған...
К: Бірақ сенің сөмкең арқаңда тұр ғой.
Қ(сұраулы жүзбен): А?
К(жымиып): Сөмкең, арқаңда тұр.

Қыз сөмкесін ұстайды. Сөйтіп арқасынан сөмкесін алып, жалма-жан ішінен әлдене қарай бастайды.

Қ(қайта жылап): Мұнда қонжық жоқ ғой!
К: Жақсы, жақсы жылама. Біз қонжықты табамыз. Тек жылама, жарай ма.

 

Қыз сабасына түседі.

К: Кәне, бірге есімізге түсірейікші. Сен соңғы рет қонжықты қайдан көрдің?
Қ: Сөмкемнен.
К: Сөмкең қайда болды?
Қ: Арқамда.
К: Бұл ойланатын дүние екен. Осы маңда болар. Қазір мен іздестіріп келемін. Күт мені осында. Ешқайда кетпе.
Қ: Иә...

 
Кафка сахнаны әрі-бері кезеді. Әлдене ойланып, өзімен-өзі сөйлесіп жүр.

К: Не істесем екен? Қалай тапсам екен? Не айтуға болады. Ертегіге сенбеймін дейді. Адам ертегіге қалай сенбейді, түсінбеймін. О, таптым. Қазір... Міне, былай.. дәл солай.. О тамаша! Мына ақылыммен аспанға ұшып кетпей, жер басып қалай жүрмін. Мен деген данышпан екенмін ғой. Міне, аяқталды.

 

Кафка қалтасынан қағаз бен қаламды шығарып, әлдене сүйкектеп жазып жатады. Сосын қайта бері қарайды. Қызға жақындайды.

К: Кішкентай ханым! Менің бір жақсы жаңалығым бар.
Қ: Қандай?

К: Қонжық әрине, табылмады. Бірақ ол сізге хат қалдырып кетіпті...
Қ(қуанып): Рас па?

К: Рас, міне... (Кафка хатты ұсынады).

 

Қыз хатты көріп, көздері жайнап кетеді. Кеудесіне басып, сүйіп-сүйіп алады.

 

Қ: Мә, оқып бер.
К: Сіз хат танымайсыз ба?

 

Қыз басын шайқайды. Кафка хатты алып, оқи бастайды.


К: «Құрметті менің кішкентай досым! Жылама! Мен әлемді саяхаттауға жолға шықтым. Сен ертегіге сенбеген соң, саған басқа  Ғажайыптар елінен жаңа достар іздеп кеттім. Басымнан өткен қызықтарым туралы міндетті түрде жазып тұратын боламын. Ізгі ниетпен сенің досың қонжық».
Қ: Мұны шынымен қонжық жазған ба?
К: Әрине, сенбесең қара, қолын да қойыпты бадырайтып.

Қыз хатқа қарайды.

Қ: Керемет! Сонда ол саяхатқа кеткен болды ғой.
К: Және өзі жалғыз... Саған дос іздеп кеткен.

Қ: Маған жазып тұрамын депті.
К: Бәрін баяндаймын депті.
Қ: Мені ұмытпаған ғой.
К: Жоқ, қайдан ұмытсын.
Қ(мұңайып): Бірақ...
К: Не бірақ?
Қ: Оның менсіз кеткені дұрыс болмады.
К: Енді... енді... Сені мазалағысы келмеген ғой. Бәлкім сен ұйықтап жатқанда кетіп қалды ма екен.

Қыз бұртиып тұр.

 

К: Кәмпит жейсің бе?
Қ: Жоқ.
К: Мүмкін тағы билеп берермін.
Қ: Жоқ.
К: Мұңайма! Өмір деген тамаша емес пе?! Әлі-ақ қонжығың саған оралатын болады. Көр де тұр.
Қ: Ол келмейді.
К: Неге келмейді?
Қ: Ол алысқа кетті.

Кафка тағы ойланып, олай-бұлай жүре бастайды.

 

К: О, таптым! Идея! Қонжық келмесе біз оны өзіміз іздеуге шығамыз.
Қ(қуанып): Рас па?
К: Рас. Міне, былай қол ұстасып, қонжықты іздеуге аттанамыз.
Қ: Алақай. Біз саяхатқа шығамыз.
К: Кәне, онда жолға дайындал. Қонжықты қуып жетпесек, қалып қоямыз. Тез, тез!

Қыз тағы кенет тоқтай қалады.

Қ: Бірақ мамам маған бөтен адамдармен сөйлеспе деген.
К: Онда танысайық. Сенің атың кім?
Қ: Кішкентай қыз.

К[түсінбей]: Иә, кішкентай екеніңді көріп тұрмын. Бірақ атың кім?

Қ: Кішкентай қыз дедім ғой.
К(таң қалып): Кішкентаааай қыз!? Сенің атың Кішкентай қыз ба?
Қ: Иә. Анам қойған.

К[басын қасып, шалбарын көтеріп қояды]: Анаң да ат қоюға шебер ақ екен. Қалай онсыз да кішкентай қызға Кішкентай қыз деп есім қоюға болады.

Қ: Керемет есім, солай ғой.

К[өтірік жымиып]: Иә, солай десек те болады.

Қ: Мамам маған: «сен әрқашан мен үшін кішкентай қыз боп қаласың» деп, атымды Кішкентай қыз қойған.
К: Ал, мен Кафка боламын (шләпесін шешіп, ізет көрсетеді). Мен әлемді аралағысы келетін жиһангез жас достарыма жол көрсететін- жол серікпін.

Алыс жаққа аттанса,
Қиындыққа тап болса.

Мен табылам қасынан.

 

Ойыншығы жоғалса,

Көңіл-күйі болмаса,

Мен табылам қасынан.

 

Ертегіге сенбесе,

Сенгісі де келмесе,

Мен табылам қасынан.

 

Мені бәрі пошташы дейді.. Пошташы Кафка.

Қ: Пош-та-шыыы!?

Қ: Сонда сен хаттарды қайдан аласың?
К(ойланып): Достарымнан.
Қ: Олар кімдер?
К: Бірқазан құс есіңде ме?
Қ: Жоқ.
К: Ұсқынсыз үйрек ше?
Қ: Жоқ.
К: Алдар көсе ше?

 

Қыз басын шайқайды.

 

К: Үш жалқау ше?

 

Қыз үнсіз тұр.

К: Онда сенімен қалай сөйлесем [кідіріс]. Ұмытып кетіппін ғой. Сен ертегіге сенбейсің.... [пауза] Ештеңе етпейді. Есесіне мен жолда саған осының бәрін айтып беретін боламын. Реті келсе танысып та қалармыз. Ең бастысы сен бүгіннен бастап ертегіге сенетін боласың. Ертегіге сенуге дайынсың ба?

Қ: Дайынмын!
К: Ендеше не тұрыс, кеттік!

 

Біз жиһангер достармыз,

Тау мен дала, аспанбыз.

Біз бұлақпыз, бастаумыз.

 

Ертегіге сенеміз,

Пошташыға ереміз.

Қонжық досты табуға,
Қол ұстасып келеміз.

 

Қыз: Ал сенің қалпағың шынымен сиқырлы ма?

К [қипақтап]: Енді қалай айтсам екен... Атақты сиқыршы Дуан долы Ғажайыптар елінен ертегіні ұрламай тұрып, сиқырлы болған. Қазір жай ғана қалпақ.

Қыз: Қалай ойлайсың, біз Қонжықты тапқан соң Ғажайыптар елі бұрынғыдай ертегіге сене ме?

К: Әрине. Біз Қонжықты да, оларды да құтқару керекпіз.

 

Осылай деп Кафка мен Кішкентай қыз сахнадан шығып кетеді.

Артынша сахнаға Дуан долы шығады. Бір қолы жоқ, көздері алайып кеткен.

 

ДД: Мен оларға қайтсем  де кедергі жасауым керек. Олар қонжықты бірінші болып таппауы керек. Тапса, мені қайта анамның қолына ұстап береді. Ал, мен жануарға айналғым келмейді. Келмейді! Мен адам боп өмір сүргім келеді. Бұл жерде ешкім ертегіге сенбеуі керек.

 

Дуан долы әрі бері сахнаны кезіп жүр.

 

ДД: Қайтсем екен?! Қалай кедергі жасасам болады? Оларды үш жалқауға қарай бастап апарайын. Олар да ертегіге сенбейді. Міндетті түрде кедергі болады.Дәл солай! Ха ха ха!

 

Дуан долы кетіп қалады.

 

Доди, Тути, Пути үшеуі шығады. Үшеуі де бірінің артына бірі сүйеніп,ілініп салынып, әрең келе жатыр. Орталарын бір жіп жалға тұр. Үшеуі де содан ұстап алған. Доди бойы ұзын, арық келген. Оң аяғының етігін шала киген,  келе сала, тізерлеп отыра кетеді. Артынша ұйықтап қалады. Тутидың басында бал арасының ұясы. Ол да сахна ортасына жетіп,  шалқасынан құлайды. Пути толық келген, бешпентінің бір түймесі ғана жетпей тұр.  Ол да келе сала Тутидың жанына жата кетеді.

 

Т[ентігіп]: Пути!?

П: А?

Т: Анау алманы көріп тұрсың ба?

П: Қайсы?

Т: Анау ше? Ағаштың басындағы.

П: Иә.

Т: Сол алма піссе ғой...
П: Ех! Сосын аузыма келіп түссе ғой.

Д (баяу): Осыны айтуға қалай ерінбейсіңдер, а ?! Менің ұйқым келді.

 

Қайта қорылдайды.

 

Т: Пути?

П: А?

Т: Бетімдегі шыбынды қағып жіберші.
П: Өзің неге қақпайсың? Қолың бар емес пе.
Т: Ерініп жатырмын.

Тути құлықсыз шыбынды  үркіткен болады. Сосын қайта келіп орнына жатады. Кідіріс.

Т: Путишок?

П: Ау, Тутишок!

Т: Осы бізге мына беліміздегі жіптің қажеті не?

П: Білмеймін. Дуди солай айтты.

Т: Не деді?

П: Керек деді. Осылай үнемі жіп байлап жүрмесек, бір бірімізден адасып қаламыз.

Т: Ал, мына менің басымдағы араның омартасы не үшін?

 

Тути тұрады да, омартаны иіскейді. Сосын дәмін көреді. Жиіркенеді.

 

П: Жай. Әшейін. Мен араның балын жақсы көремін. Сол үшін.

Т: А -а-а-а!

Т: Пути?

П: Ой, не тағы?
Т: Ештеңе.
П: Шаршаттың ғой.
Т: Осы біз қанша күн, қанша шақырым жол жүрдік.

Тути басын көтеріп, келген жағына қарайды.

Т: Туп-тура он қадам жүріппіз.
Д(қайта баяу): Осыны санауға қалай ерінбейсіңдер, а ?

 

Қайта ұйықтап кетеді. Кідіріс. Кенет Тути орнынан атып тұрады.

Т: Болды! Жетеді! Жалқау болғанымыз жетеді! Былай істейік...
П: Қалай?

Т: Білмеймін қалай істейтінімізді. Бірақ бірдеңе істейік...
П: Істейік. Бірақ алдымен дем алып алайық.
Т: Ол да ақыл екен.

Тути қайта орнына келіп жатады.
Сахна сыртынан бақбақ гүлі- Гүлайша шығады. Ол әр жерге секіріп қонып, әлденеден қашып жүр.


Г: Ой! Мына жер суық екен. Мына жер тым қатты. Мына жер, тым көлеңкелі...
Т(басын көтеріп): Сен кімсің?
Г: Мен... Мен Гүлайшамын.
Т: Мұнда не істеп жүрсің?
Г: Өз... Өзіме ыңғайлы жер іздеп жүрмін.
Т: Саған ыңғайлы жер не үшін керек?
Г: Мен жайқалған гүл емеспін бе. Адамдар маған қызығып қарау үшін өзімді күтуім керек. Судың тұнығын ішіп, ауаның тазасын жұтып, күннің нұрына шомылуым керек. Ал, мен тұрған жер тым жаңбырлы. Малмандай су болдым. Сөйтіп өзіме ыңғайлы жер іздеп келдім. Ал, сендер кімсіңдер. П(басын көтеріп): Біз оны айтуға ерінеміз. Тути, жат...
Т: Иә, біз ерінеміз (жатып қалады).

Г: Сендердің жандарыңа келіп тұрсам бола ма? Мына жер тым күншуақты.

 

Үн жоқ. Гүлайша секіріп-секіріп үш жалқаудың жанына келіп тұрады.
Осы сәтте сахна сыртынан қол ұстасып Кафка мен Кішкентай қыз шағады.

 

К: Біз жиһангер достармыз,
Тау мен дала, аспанбыз.
Біз бұлақпыз, бастаумыз.

 

Ертегіге сенеміз,
Пошташыға ереміз.
Қонжық досты табуға,

Қол ұстасып келеміз.

 

Қ: Қара, гүл!
К: Шынымен гүл.
Қ: Ол мында не істеп жүр. Жылап тұр ма?
К: Жаурап тұрған сыңайлы.
Қ: Неге жаурайды.
К: Жүр өзінен сұрайық.

Екеуі гүлге жақындап келеді.

К: Сәлеметсіз бе гүл ханым! Неге жаурап тұрсыз?
Г: Мен жүрген жерде жаңбыр жауа береді. Дәнектерім шықпай, тамырым суалып, әбден шаршадым. Сөйтіп жаңбырдан қашып кеттім. Қанша қашсам да, жаңбырдан құтыла алмай ақ қойдым. Енді міне жаурап тұрмын.
К: Мұңайма! Біз саған көмектесеміз. Солай емес пе, Кішкентай қыз.
Қ: Әрине солай.
К: Менің атым- пошташы Кафка. Ал, бұл жанымдағы жолсерігім ертегіге сенбейтін Кішкентай қыз.

Г: Танысқаныма қуаныштымын. Мен Гүлайшамын.

Қ: Біз саған көмектесеміз Гүлайша. Уайымдама.

К (үш жалқауға қарап): Ал, мыналар кімдер?

Г: Бұлар үш жалқау.
К(айналып-толғанып): Жалқау екендері көрініп тұр.

Г: Сендер қайда бара жатырсыңдар?

К: Біз.. біз... біз деген.. Әлгі? Не еді? Қайда бара жатыр едік?

Қ: Қонжықты іздеп барамыз.

К: Иә, Кішкентай қыздың қонжығы алыс сапарға кетіпті. Мақсаты - жаңа достар тауып, Кішкентай қызды ертегіге сендіргісі келеді екен.  Солай ...

Г: Мен де ертегіге сенгім келеді. Тапсаңдар Қонжыққа менен сәлем айтыңдар.

К: Міне, осы үшін біз қонжықты іздеп барамыз. Бір білсе сол қонжық біледі.

Г: Бұл керемет болар еді. Қонжықты тауып, бәріміз ертегіге сенетін боламыз. Алақай!

Қ: Әрине. Тек алдымен Қонжықты табу керек. Сендер Қонжықты көрген жоқсыңдар ма?

Г: Жоқ. Мен көрмедім. Мен күні бойы жаңбырдан қашумен болдым. Ол бұл арадан өткен жоқ.

 

Осы сәтте Тути оянып кетеді.

 

Т: Мен де көрген жоқпын.

Қ:  Мама, қорқамын...!

К: Ол оянып кетті.

Т: Мен оянып кеттім!

 

Үш жалқау да осы сәтте орындарынан атып тұрады. тұрады да, Кафка мен Кішкентай қызды қоршап алады.

 

Д: Біз сендерді жібермейміз.

П: Сендер екенсіңдер ғой ертегіні ұрлап кеткен.

Т: Бұлар емес, Қонжық ұрлаған.

Д: Жоқ, дәл осылар.

П: Жаңа ғана өздерің естідіңдер ғой. Бұлар қонжықты іздеп бара жатыр. Демек Қонжық ұрлаған.

Қыз: Қонжық ұрлаған жоқ. Ол бар болғаны басқа Ғажайыптар елінен ертегіге сенетін басқа достар іздеп кетті.

Кафка: Иә, Қонжық ұрлаған жоқ.

Д: Сонда кім ұрлады?

Кафка: Дуан долы.

Үшеуі бірдей: Дуан долыыыы?!

Кафка: Иә, ғажайыптар еліндегі барлық ертегіні ұрлаған сол.

Т: Ол неге олай жасайды?

Қыз: Білмейміз. Бәлкім біреуге ренжіген болар.

Д: Бұл ойланатын жағдай екен.

Қыз: Бізді жіберсеңіздер, Қонжықты тауып, осы жайлы міндетті түрде сұрайтын боламыз. Қонжық ғана бізге сол ертегілерді қайтара алады.

 

Үш жалқау былай барып, сыбырласады. Сосын шешім қабылдап, қайта келеді.

 

Д: Біз үшеуміз, ақылдаса келе былай деп шешім қабылдадық.

Т: Біз сіздерді жібереміз. Тек бір шартпен...

Қыз: Ол қандай шарт?

Т: Қонжықты міндетті түрде тауып, Ғажайыптар еліне ертегіні қайтару керексіңдер.

Кафка: Келістік.

Д : Ендеше аман тұрыңдар. Қайта көріскенше.

Г: Жолдарың болсын! Абайлап жүріңдер!

 

Кафка мен қыз сахнадан шығып кетеді. Сахна қайта қараңғыланады. Дуан долының даусы.

 

ДД: Қап, қарғыс атқыр! Жолым болмады тағы. Мына үшеуі жіберіп қойды. Бұлар қалай айтқандарына оп оңай алдынып қалды. Жақсы, ештеңе етпейді. Мен оларға әлі көрсетемін...

 

Сахна ауысып, сахнада Шал мен Кемпір мұңайып отыр. Шалдың қолында торсық, кемпірдің қолында дорба.

 

Ш[мұңайып]: Бекер-ақ терезенің алдына қойдың.

К: Суысын дегем. Қайдан білейін оның қашып кетерін.

Ш: Енді ол бала емес пе. Бала болған соң бір орында тұрмайды. Қайдан табамыз енді.

К: Зарлай бермеші. Тағы да ұн әкел. Басқасын пісіреміз. Бір бауырсаққа күніміз қарап қалған жоқ.

Ш: Сен қалай түсінбейсің. Ол жай ғана бауырсақ емес. Ол сондай ақылды, әрі зерек... сенен мың есе ақылды алжыған.

К: Ойбуу! Сонда сен кімсің? Сен алжымадың ба? Бауырсақты жеудің орнына оны мәпелеп, аялап жүрген сен емес пе едің? Айттым саған бірден жейік деп.

Ш: Үніңді шығарма. Онсыз да қаным басыма шығып тұр. Қайда кетті екен, қайда жүр екен? [кідіріс] Домалақ бауырса-а-а-а-ақ! Домалақ бауырса-а-а-а-қ!

К: Неменеңе айқайлайсың? Әлдеқашан қасқыр жеп қойды емес пе.

Ш: Жағың қарысын сен кемпірдің, жағың. Келеді осыдан, қара да тұр. Сол кезде сені үйден өзім қуып шығамын.

К: Пш-т-у-у-у-у! Ол келсе өзім-ақ кетемін бұл үйден. Енді қалған ғұмырымда  алжыған қақпаспен алысып отырар жайым жоқ.

 

Кемпір қайта ұнын илеп кетеді. Шал әлі дауыстап Домалақ бауырсақты шақырып жүр.

Сахна сыртынан Кафка мен Қыз шығады.

 

К: Біз жиһангер достармыз,

Тау мен дала, аспанбыз.

Біз бұлақпыз, бастаумыз.

 

Ертегіге сенеміз,

Пошташыға ереміз.

Қонжық досты табуға,

Қол ұстасып келеміз.

 

Тоқта! Қатып қал!

 

Қ[сыбырлап]: Не болды?

К: Тссс! Үндеме!

Қ: Көрдің бе?

Қ: Не істеп жатыр?

К: Шамасы, Қонжықты ұстап алған.

Қ: Кім кемпір ма?

К: Иә. Жібермей жатыр.

Қ: Онда бізге көмектесу керек.

К: Жоспар құрайық. Сен кемпірге барасың. Мен.. мен болсам... Шалға барамын.

Қ: Мен қорқамын.

К: Қорықпа. Қонжық үшін бәріне дайынсың ғой.

Қ: Әрине.

К: Ендеше алға.

 

Екеуі ақырын мысықтабандап келеді. Ұн илеп жатқан кемпірдің артына тығылады.

 

К[сыбырлап]: Дайынсың ба?! Бір, екі, үш.. баста!

 

Осы сәтте Қыз атып шығады. Кемпір сасқанынан тегенесімен бірге  шалқасынан құлайды.

 

Кемпір: Ойбай! Құдай сақта! Пері келді! Пері!

Ш: Не болды айқайлап?

Кемпір: Құтқар мені құтқар.

Ш[сық сық күліп]: Кішкентай ғана қыз ғой. Не көрінді саған.

 

Кафка тығылып қалған.

 

Ш: Балақай, аманбысың! Мұнда не істеп жүрсің?

Қ: Мен.. мен ертегіге сенбейтін Кішкентай қызбын. Мен.. мен қонжығымды іздеп жүрмін.

Ш: Қонжық?

Қ. Иә, мынандай қоңыр түсті [демонстрация жасайды]. Өзі сондай сүйкімді. Ол саяхаттап кеттім деп хат жазыпты. Мен оны қатты алаңдаған соң,  досым Кафка екеуміз іздеуге шықтық.

Ш: Досың қайда?

 

Қыз артына қарайды. Кафка ақырын еңбектеп кетіп бара жатыр.

Ш: Тоқта!

 

Кафка тоқтайды.

 

Ш: Сен кімсің?

 

Кафка қайта бұрылады.

 

К: Сәлеметсіз бе ата, сәлеметсіз бе апа?! Алдарыңызды аты аңызға айналған пошташы Кафка!

 

Шал мен кемпір Кафкаға қарап қалған. Түк түсінбеген кейіп.

 

К: Танымадыңыздар ма?

 

Шал басын шайқайды.

 

Кемпір: Сайқымазаққа ұқсайды екен.

Шал: Жоқ, бетіне жай ұн жағып алған.

Кемпір: Біз зар болып отқан ұнды бұл бетіне жағып алғаны несі.

К: Ата, апа! Бұл ұн емес. Бұл сондай гримм.

Кемпір: Не дейді?

Ш: Грәм дейді.

Кемпір: Не ол грәм.

Шал: Ой, сен қақбасқа сөз түсіндіргенше...

К: Біз Кішкентай қыз екеуміз жиһангерміз. Менің досым кішкентай қыз, өз қонжығын жоғалтып алды.

Кемпір: Не дейді?

Шал: Қонжық дейді.

Кемпір: Қандай қонжық?

Шал: Қоңыр.

Қыз: Біз алыстан келе жатыр едік. Қатты шөлдедік. Сіздерден су алсақ бола ма?

Шал: Әрине, әрине қарағым... Кемпір, қызға су бер.

Кемпірі сахна сыртына шығып кетеді.

К: Міне, енді жөн болды. Ал біз сіздерді қонжықты ұстап алған екен десек.

Шал: Бізге қонжықтың керегі не? Не немереміз тұрған жоқ. Не баламыз тұрған жоқ. Бауырсақ болса анау, қашып кетті.

Қ: Ата, сіз шынымен Домалақ бауырсақтың атасысыз ба?

Шал: Иә. Оны неге сұрадың, қарағым?

Қыз: Мен.. мен ...

 

Кафка Шалды оңаша алып шығады.

 

К:  Енді қыз аздап ертегіге сенбейді. Бірақ сенуге тырысып жүр. Сондықтан..

Шал: Неге сенбейді дейсің?

К: Ерте-г-і-ге.

Шал: Мен де сенбеймін ертегіге.

К[таң қалып]: Сіз қалай сенбейсіз? Сіз онсыз да...

Шал: Неге сенуім керек. Мен қартайдым.

К: А, дұрыс айтасыз. Қарттар сенбейді. Бірақ енді қыз үшін сенемін деп айта салыңыз. Жарай ма?

Шал: Айтпаймын.

К: Айтыңыз.

Шал: Айтпаймын.Мені күштей алмайсың.

К [белін таянып]: Айтасыз дедім ба, айтасыз.

Шал: Айтпаймын дедім ба, айтпаймын.

К [аянышты түр жасап]: Өтінеееем!

Шал[таңданып]: Сенбесем, қалай сенемін деп айтамын.

К: Домалақ бауырсақ ше?

Шал: Оған не болыпты.

К: Не болғаны несі. Ол да ертегі емес пе?

Шал: Жоқ. Кім айтты ертегі деп. Ол ертегі емес. Ол менің балам.

К: Онда маған айтыңызшы? Оны қалай жасадыңыз?

Ш[ашуланып]: Онда шаруаң болмасын. Мен ұн таптым, кемпірім пісірді.

К: Ал, қазір қайда сол Домалақ бауырсаааақ?!

 

Шал көзі жасаурап, мұңайып отыра кетеді.

 

Қ: Кафка! Неткен қаталсың! Атаны жылатып қойдың ғой.

К: Өзі емес пе, ертегіге сенбеймін деген... Бұған жалынсаң сол...

Қыз: Кафка, мұның жарамады. Тез атадан кешірім сұра.

К: Неге сұрауым керек? Өзі сұрасын. Адам ертегіге сену керек және ол үшін ешкімге ренжімеу керек.

Қыз: Сонда сен үшін ертегіге сенбеген адамның бәрі жаман ба.

К: Мен олай деген жоқпын.

Қыз: Солай дедің!

К: Олай демедім.

Қыз: Солай.

К: Мен керісінше оны ертегіге сендіргім келді. Бар болғаны осы.

Шал: Менің Домалақ бауырсағым қайда жүр екен. Адасып кетпесе болғаны. [сахнаға қарап] Сендер білесіңдер ме, мен оны сондай сағындым. Оны алғаш пісірген кезде қатты қуанып едік. Бірақ күн өтпей жоғалтып алдық.

Сахна сыртынан су алып Кемпірі келеді.

 

Кемпір: Ойбау, шал ау! Сізге не болды? Тағы қан қысымыңыз көтеріліп кетті ме?

Шал[еркелеп, баланың қылығын салып]: Анау... анау қара тымақ киген бала біздің...біздің бауырсақты ертегі дейді.

Кемпір: Кім?

 

Шал сұқ саусағымен Кафканы нұсқайды.

 

Кемпір: Кімді? Біздің бауырсақты ма?

 

Кемпір қолына таяқ алып, Кафканы қуа жөнеледі.

 

Кемпір: Қазір мен оған көрсетемін. Ертегі дейді ғой. Өзің ертегісің, білдің бе? Қарай көр бұның. Біреудің үйіне келіп, біреудің баласын ертегі деп...

 

Кішкентай қыз шапалақ соғып мәз. Кафка тамды айналып қашып жүр.

 

Кафка: Апа, сабыр етіңіз. Ме... Мен олай дегім келген жоқ.

Кемпір: Енді қалай дедің.

Кафка: Мен жай... Ертегіге сендіргім...

Кемпір: Айтпа маған ертегіні. Өзің ертегі білдің ба.

Кафка: Жақсы, жақсы. Сабыр етіңіз. Ертегі емес.

 

Кемпір ентігіп, шаршап қалады. Кафка да алқынып тұр.

 

К[басын ұстап]: Түсінікті.  [Қызға] Кеттік! Бұлар да ертегіге сенбейді. Ертегіге сенетін қонжықты іздейміз. Жұрттың бәріне не болған, ертегіге сенбей [қызға] Көрдің бе,  Кішкентай қыз. Жаңа ғана ата еді, енді бала бола қалды. Ұялмайсыз ба ата, бала болғанға.

Ш[ саусағын сорып]: Мен неге ұялам? Ұялмаймын.

Кемпір: Ұялмайды. Неге ұялады. Ол менің балам.

К: Жә, не боп кетті өзі. Басым айналып кетті ғой. Бәрін шатастырып жібердіңіздер. 

Қ: Ата, сіз менің қоңыр қонжығымды көрмедіңіз бе?

Ш: Жоқ, шырағым. Ал сен менің Домалақ бауырсағымды көрсең сәлем айт. Сағынып отыр де. Үйіне қайтсын. Біз оны жемейміз.

Қ: Жақсы ата. Айтамын.

Кафка: Сау болмаңыздар. Көрмегенім домалақ бауырсақ болсын.

Шал: Сау болыңдар! Жолдарың болсын!

 

Кемпір[ентігіп]: Басқа тілек айтпадың ба? Үй сұрасаң болар еді. Мені патшайым етсе да кет әрі емеспін...

Шал: Басқа тілек айтатын алтын балық деп пе еді. Қонжық ғой бар болғаны.

Кемпір: Шай ішесің бе?

Шал: Құй.

Кемпір: Айтқандай, қыз неге ертегіге сенбейді екен.

Шал: Қайдан білем! Өзінен сұрамайсың ба.

 

Шал мен кемпір сахнадан шығып кетеді. Дуан долы шығады.

 

ДД: Жо, жоқ! Бұл неғылқан сайқымазақ. Шал мен кемпір қызды өздеріне алып қала ма десем. Жо, жоқ. Іс насырға шауып барады. Бұлар осылай жалғастыра берсе, ақыры мені де тауып алады. Басқаша әрекетке көшуім керек.

 

ІІ акт

 

Шырын сататын киоскі. Қызыл алжапқышы бар Чупа-Чупс шырын сатып тұр. Жанында үш доңғалағы бар   велосипедпен інісі Марғау тыным таппай, айналып жүр. Марғаудың тізесіне дейін тартып киіп алған сайқымазақтың шұлығы. Басы дәу, көзі бадырақ. Біресе қолымен жүреді, одан қалса үш доңқалақты велосипедімен жүреді. Тек аяғымен емес.

 

Чч: Шырын аламыз, шырын! Дәмі тіл үйіретін шырын. Салқын шырын. Шие шырыны, алма шырыны, жаңқақ шырыны. Алсаңыз өкінбейсіз. Екеу алсаңыз біреуі тегін.

Марғау: Мен алам мен!

Чч: Ту, Марғау. Сенің ақшаң жоқ ғой. Оның үстіне сен бағанадан бері екі литр шырын ішіп тастадың. Жетер енді. Тым болмаса өзіміз іше бермей, басқаларға да сатайық та.

Марғау: Өзіміз жақсы ішсек, басқаларға да жақсы сатамыз.

Чч: Жоқ Марғау. Сен болмағанда баяғыда сатып кететін едік. Сен іше берген соң сатылмай тұр.

 

Марғау айналғанын  тоқтатып, қызға қарайды.

Марғау:Сонда мен кінәлі екенмін ғой барлығына.

Чч[қипақтап]: Жо жоқ Марғау. Мен олай дегім келмеген. Жай сен көп іше берген соң.

Марғау[самарқау]: А а а солай деп айтпайсың ба., бірден. Мен өзімді кінәлі сезіне бастап едім.

 

Марғау велосипедімен айналуын жалғастыра береді.

Марғау: Чупа-чупс?

Чч: Ау?

Марғау: Осы сен неге шырын сата тұра өзің ешқашан сол шырынды ішпейсің?

Чч: Білмеймін. Ішкім келеді. Бірақ не үшін іше алмайтынымды білмеймін.

Марғау: Ішіп көрсей, ұнап қалар.

Чч: Мүмкін.

Марғау: Адам өзі ішпеген шырынды біреуге сата алмайды.

Чч: Жоқ, сатады.

М: Сата алмайды.

Чч: Сатады.

Марғау: Сатпайды.

 

Чупа-чупс Марғауды тоқтатып бетіне тіктеп қарайды.

 

Чч: Сатады дедім ба сатады.

Марғау: Жарайды, өзің біл. Тек сосын маған өкпелеп жүрме.

Чч: Ренжімеймін. Шырын аламыз, дәмді шырын! Дәмі тіл үйіреді! Шырын!

 

Кідіріс.

 

Чч: Ал, сенің атың... ?

Марғау: Не бопты менің атыма?

Чч: Неге сенің атың Марғау? Сен Марғауға мүлде ұқсамайсың ғой.

 

Марғау тоқтап, басын қасып, сәл ойланады. Тағы біраз тұрады.

 

М[иығын қиқаң еткізіп]: Білмеймін.

Чч: Шырын аламыз, дәмді шырын!

Марғау: Ал, сен...с енде миллион доллар болса не істейтін еді?

Чч: Ол қанша ақша сонда?

Марғау[құшағын ашып]: Міне, мынандай. Көөөөп!

Чч: Ой, ақымақ. Миллион доллар ондай болмайды ғой.

Марғау: Енді қандай болады?

Чч: Білмеймін. Бірақ дәл ондай болмайды.

Марғау: Болса не істейсің?

Чч[сәл ойланып]: бәлкіііім... Білмеймін. Ол жайында ойламаппын. Болған соң көреміз. [кідіріс] Менің басым айналып кетті.

Марғау: Онда мен айналуды тоқтататып, қолмен жүрейін.

Чч: Жоқ, сен айнала бер. Егер өзіңе ұнаса.

Марғау: Айтпақшы, марғау деген не? Ит па?

Чч: Иә, сол сияқты бірдеңе. Ит тұқымдас.  Сенің өзіңді қалай білмеймсің.

Марғау: А-а-а !

 

Марғау велосипедімен тағы бір айналып келеді.

Марғау: А а а а таптым! Мен таптым қалай сататынымызды.

Чч: Қалай?

Марғау: Былай айтсақ ше. Біреуін алсаңыз, бесеуін тегін десек.

Чч[ күліп]: Аңқау Марғау, аңқау Марғау! Бесеуін тегін бергенше, алтауын да тегін бере салмаймыз ба.

Марғау [бұртиып]: Менікі жай сатамыз ба деген ой. Өзіңде жақсырақ ой болса айтпайсың ба.

Чч: Уайымдама. Кешке дейін бір амалы болады.

 

Осы сәтте сахна сыртынан Кафка мен Кішкентай қыз шығады.

 

К: Біз жиһангер достармыз,
Тау мен дала, аспанбыз.
Біз бұлақпыз, бастаумыз.

 

Ертегіге сенеміз,
Пошташыға ереміз.
Қонжық досты табуға,

Қол ұстасып келеміз.

 

Қыз: Кафка, қара. Тағы да жаңа достарға кезіктік.

К: Бұлар кімдер екен.

Қ: Шырын сатып  тұрған қыз. Ал, анау жанындағы маймыл.

К: Маймыл емес, Марғау.

Қ: Марғау деген не?

К: Ит сияқты бірдеңе.

Қ: А-а-а-а!

 

Кафка мен қыз Чупа-чупс пен Марғауға жақындап барады. Марғау велосипед айдауын тоқтатып, Кафка мен қызға қарап қалған.

 

К: Сәлем Марғау!

 

Марғау үн түнсіз. Таңданып тұр.

 

Чч: Сәлеметсіздер ме?! Шырын алыңыздар. Дәмі тіл үйіреді. Екеуін алсаңыз, біреуін тегін береміз.

Қыз: Қанша тұрады?

Чч[ойланып]: Миллион доллар!

Қыз: Қымбат екен.Бізде ондай ақша жоқ. [Кафкаға қарап] Кафка, сенде миллион доллар бар ма?

К[қалтасына қол жүгіртіп, әлдене санап]: Ммм, бір-екі-үш. М м м жоқ екен. Бірақ бар болса беретін едім.

Қ: Бәріне миллионнан сатып жатырсыз ба?

Чч: Жоқ, сіздер алғашқы клиентсіздер.

Қ [дорбасынан асығын шығарып]: Мынаған айырбастай аламын.

М: Бұл не?

Қ: Асық.

М: О-о-о асы-ы-ы-ы-қ! Түрлі-түсті асықтар. Чупа-чупс, алайықшы. Асық ойнағым кеп тұр. Алайықшы!

Чч: Марғау, саған асық ойнауға болмайды.

М: Неге?

Чч: Сенің велосипедің бар.

М: Бұл маған керек емес. Шаршадым күні бойы айналып. Менің асық ойнағым келеді.

Чч: Жарайды. Қанша тұрады?

 

Қыз ойланып қалады.

 

К: Екі кесе шырынға осы асықтың бәрін береміз.

Чч: Жақсы, келістік.

 

Айырбас жасалады.

Марғау: Ура! Асық ойнайтын боламын.

Асықтарды Қыздың қолынан ала салып, ойнап кетеді.

Чч: Ал, сендер кімсіңдер?

Қыз: Менің атым ертегіге сенбейтін Кішкентай қыз. Мынау жанымдағы пошташы Кафка. Біз менің жоғалып кеткен қонжығымды іздеп барамыз.

К: Танысқаныма қуаныштымым, ханым..

Чч: Сонда ол қайда кеткен?

Қыз: Кім?

Чч: Қонжықты айтам.

Қыз: Саяхаттап кеткен.

К: Кішкентай қыз ертегіге сенбеген соң кетіп қалған. Хат жазыпты. Хатында Кішкентай қызға жаңа достар тауып келемін деп уәде беріпті.

Марғау [асықтарды тістелеп]: Ал, сен неге ертегіге сенбейсің?

Қыз: Білмеймін. Білсем айтар едім.

Чч: Меніңше қонжық сенің неге ертегіге сенбейтініңді білетін сияқты.

К: Дәл таптыңыз. Сондықтан біз қонжықты іздеп барамыз.

 

Кафка шырынды сылқита сіміреді. Қыз да бір деммен ішеді.

 

К [тыжырқанып]: Мәссаған! Неткен дәмді шырын! Өте керемет.

Қыз: Дәмді екен.

Чч: Ас болсын!

Марғау[ыржалақтап күліп]: Өзі ешқашан дәмін көрген емес. Есесіне мен күнде ішемін.

Чч: Қонжықты тапсаңдар менің де ертегімді қайтаруды ұмытпаңдар, достар.

Марғау: және менің де.

Қыз: Міндетті түрде ертегілеріңді қайтарамыз.

К: Жақсы кішкентай бикеш. Біз кеттік! Қонжықты тауып алумыз керек.

Чч: Жолда абайлап жүріңіздер.

Қыз: Шырын үшін рақмет.

 

Чупа-чупс пен Марғау шығып кетеді.Сахнада Кафка мен Қыз қалады.

Кішкентай қыз көзін қатты жұмып алған, қиналып тұр. Әлдене есіне түсіре алмай тұрғаны анық. Кафка айналып, таңданып қарайды.

К: Не қарап тұрсың?

Қыз: Тс-с-с! Үндеме!

 

Кафка кетіп қалады. Сосын қайта жанына келеді.

К: Бір жерің ауырып тұр ма?

Қыз: Үндеме дедім ғой.

К: Жарайды.

 

Кафка қайта кетіп қалады. Былай барып, тұрып-тұрып, қайта келеді.

К: Мүмкін айтарсың.

Қыз әлі тұр.

К: Айтпасаң қой. Менде де бір құпия бар. Айтпаймын саған [тілін шығарады].

 

Қыз үнсіз. Кафка дегбірі қашып, олай бұлай жүре бастайды.

К[жалып]: Айтш-ы-ы-ы енді! Өтіне-е-е-м!

Қ: Ту-у-у Кафка! Мазамды алдың ғой.

К: Енді қызығып бара жатқан жоқпын ба.

Қ: Айтпаймын. Айта алмаймын.

К: Неге айтпайсың? Аспаннан ақша тілеп тұрсың ба? Ақша беретін сиқырды білесің бе? Маған да үйретші.

Қ: Ту-у-у Кафка! Білмеймін. Олай емес.

К: Енді не? Әлде бақсы болайын дедің бе.

Қ: Жоқ.

К: Сиқыршы?

Қ: Жоқ.

К: Тәуіп.

Қ: Жоқ деймін.

К: Енді не? Айтшы өтінем.

 

 

Кафка қалтасынан жалдам қара бір зат алып шығады.

 

К: Айтсаң бар ғой. Осыны саған ойланбастан сыйға тартамын.

Қ: Бұл не?

К: Қақпақ.

Қ: Ненің?

К: Кока коланың.

Қ: Мхм, оның маған керегі не? Қақпақ деген толып жатыр емес пе.

К: Олай деме, қақпақты табу қиын.  Үшеуін жинасаң, тегін кола алуға болады.

Қ: Мен кола ішпеймін.

К: Енді айта салшы. Айтқаныңды жасайын. Оңға десең оңға, солға десең солға барайын.

Қ: Шынымен білгің келе ме?

К[секіріп]: Иә, иә, иә!

Қ: Ешкімге айтпайсың ғой.

К: Айтпаймын. Айтсам аузым күйсін.

Қ: Уәде бер.

К: Уәде берем.

Қ: Әкел қолыңды.

 

Екеуі саусақ алмасады.

Қ: Онда тыңда.

К: Иә.

Қ:Ме-е-е-н…

К: Се-е-ен…?

Қ: Ме-е-е-н..

К: Се-е-е-ен…?

Қ: Мен барғой.

К: Иә.

Қ: Анау не бар емес пе?

К: Не ?

Қ: Елестетіп тұрғам.

К: Нені?

Қ: Ертегіні.

К[таңданып]: Қандай ертегіні?

Қ: Кәдімгі ертегіні.

К: Ертегіні елестетуге бола ма екен.

Қ: Енді мүмкін елестетіп көрсем, бәлкім ертегіге сеніп кетермін деп ойлағам.

К[көңілі бірден түсіп]: Енді? Елестете алдың ба?

Қ[мұңайып]: Жоқ.

К: Ой, дым қызық емес ғой.

Қ: Сен ешкімге айтпауға уәде бердің.

К: Несін айтамын. Айтатындай бір қызық болса ғой. Елестету! «Ол елестетті» деп айтам ба біреуге. Қалай айтам.

Қ: Қызық емес пе.

К: Дым қызығы жоқ.

Қ: Кафка, ренжімеші.

К: Жүр, одан да, қонжықты іздейміз.

Қ: Кафка деймін.

К: Қақпағымды қайтар өзіме.

 

Кафка алдыға түсіп, кетіп қалады.

 

Төбеден жалғыз домалақ қызыл лампа түседі. Екеуі де соған қарап тұр.

 

Қыз: Бұл не?

К:Біз жеткен сияқтымыз.

Қыз: Қайда?

К: Қонжыққа.

Қыз: Бірақ қонжық көрінбейді ғой.

К[жарықты нұсқап]: Мынау тұрған сол емес пе?

Қыз: Жоқ, Кафка. Бұл лампа. Түнде жанатын жарық  лампасы.

К: Бұдан әрі жол жоқ. Сапардың соңы осы.

Қыз: Қонжық ше?

К: Қонжық табылмады.

Қ: Достарымызға не айтамыз. Олар қонжыққа үміт артып отыр ғой.

 

Кідіріс.

 

Осы сәтте сахнаға Дуан Долы атып шығып, лампаны бір ұрып, сындырып тастайды.

 

ДД: Жоқ. Ертегі менікі. Оған сенуге жол бермеймін! Ешкім сене алмайды. Сенбеуі керек.

 

Қыз қорқып, Кафканың артына тығылады.

 

Қыз: Кафка, бұл кім?

К: Бұл ма? Дуан долы. Сиқыршы әйелдің баласы.

Қыз: Бұған не керек?

К: Ертегілерді ұрлаған осы.

Қ: Дуан долы. Сен неге біздің ертегімізді ұрлайсың.

ДД: Себебі мені ешкім жақсы көрмейді. Тіпті анам да мені жануарға айналдырғысы келді.

Қ: Олай деме, есесіне біз сені жақсы көреміз. Көрдің бе. Сені іздеп келдік.

Кафка: Иә, Дуана долы. Сен ең жақсы кейіпкерсің. Біз сені жақсы көреміз. Достарыңның бәрі сені жақсы көреді.

ДД: Рас па?

Қ: Рас. Ертегіні ұрлаған сен емес. Тек оны өздеріне қайтар, сонда бәрі сені жақсы көретін болады. Анаң да сені кешіреді.

ДД[жылап]: Менің ешқашан достарым болған емес. Мен сиқыршы болғым келген. Бірақ анам оныма қарсы болды. Сиқыршының бәрі жаман ба?

Қыз: Жоқ. Сен біз көрген ең мейрімді, әрі ең батыл сиқыршысың. Өзің қарашы. Әлем онсыз да жауыздыққа толы. Солардың қатарына қосылма. Жақсылықтан үміт үзуге болмайды Дуан долы!  Одан да мына әлемді аз да болсын түрлі түсті әсем бояулармен бояуға тырысайық. Бірге болсақ қолымыздан бәрі келеді.  Ғажайыптар елінен ертегіні тартып алсаң, ол қалай Ғажайыптар елі болмақ. Өзің ойлашы. Біздің барлық достарымыз сенен өтініп сұрайды. Олар ертегісіз өмір сүре алмайды. Бізге ертегі керек. Егер бізге ертегіні қайтарсаң сен де мынау қарғыстан құтылатын боласың.

ДД: Шын айтасың ба?

Қыз: Шыным.

ДД: Алдамайсың ба?

Қыз: Жоқ.

ДД: Уәде бер.

Қыз: Уәде берем.

 

Екеуі қол алысады.

 

ДД[жүрегі жібіп]: Жарайды. Мен ертегілеріңді босатамын. Тек менің қайда екенімді анама айтпаңдар. Келістік пе.

Қыз: Айтпаймыз, Дуан долы! Ол ештеңе білмейтін болады.

 

Дуан долы сабасына түсіп, сиқырын жасайды. Сахна шетінен домалақ жарықтар бірінен кейін бірі сырғанап шығады.  Дуан долы болса ұсқынсыз сиқыршыдан әп-сәтте әдемі жігітке айналып шыға келеді. Айнала түрлі-түсті шарға толады, жап-жарық.

 

Кафка[бір домалақ шарды алып]: Кішкентай қыз6 қарашы! Мынау менің ертегім ғой. Ішінде ән ойнап жатыр. Әне, анау тұрған мен. Билеп жатырмын. Міне мына жерде ән салып жатырмын. Қандай ғажап десеңші!

Қыз[өз шарын қолына алып]: Мәссаған! Менің ертегімді қара. Қонжық екеуіміз ойнап жүрміз көрдің бе. Мынау анам ғой мені балабақшаға апара жатқан.

Кафка: Көрдім. Қонжық сондай бақытты!

Қыз: Алақай! Рақмет саған Дуан долы!

 

Қыз жүгіріп барып, Дуан долыны құшақтап алады.

ДД: Кешіріңдер мені достарым. Мен сендерді әуреге салдым. Мен енді қайталамаймын. Ең тәртіпті, әрі ең ақылды Дуан долы боламын.

 

Сахна сыртынан барлық кейіпкерлер шығып, әркім өз шарын алып мәз.

 

Кафка[Кішкентай қызға]: Айтпақшы, бұл хатты саған тағы қонжық жазып жіберіпті.

 

Кафка хатты алып, оқи бастайды.

 

К: « Құрметті менің досым. Мен сапарда жүргенде көп адамдармен кездестім. Және әртүрлі жағдайды басымнан өткердім. Солардың бәрі менің өзгеруіме мол әсерін тигізді. Сен де өз саяхатыңнан көп дүние алған шығарсың. Соған сенемін. Мені өз қалпымда таба алмасаң уайымдама. Мен бәрібір сенің қасыңнан табыламын. 

Менің саған айтарым көп. Бірақ бәрін бір хатқа сыйдыра алмаймын. Жолығып жатсақ бәрін басынан аяғына дейін баяндап беремін. Мен өзгеріп-өзгеріп ақыры соңында жарық шашатын шарға  айналып кеттім. Себебі сенің ертегіге сенгеніңді қалаймын. Ертегіге сенсең айналаның бәрі қалай құлпырып кеткенін байқамай қаласың. Маған сен! Құрметпен досың қонжық».

 

Қыз: Бұл менің қонжығыма мүлде ұқсамайды.

 

К: Айттым ғой. Бәрі өзгереді деп. Сен жақсы көрген дүние жоғалуы мүмкін, бірақ соңында бәрібір махаббат басқаша күйде оралады. Қызыл лампа да жаман емес, жарық шашып тұр. Әдемі иә!

Қыз: Иә әдемі.

 

Бәрі  жарық шамдарды қолдарына алып, аспанға көтереді. Сосын одан көзін алмай қарап  тұрып қалады.

 

Соңы!