Орыс труппасының 60-шы театр маусымы

Қазақ труппасының 34-ші театр маусымы

Пьеса САЯХАТШЫ ДОСТАР

 

Айдана АЛАМАН

 

 

 

САЯХАТШЫ ДОСТАР

 

 

 

Айбек – бай баласы, 10 жаста.

 

Нұрбек – жарлы баласы, 10 жаста

 

Жахан – 15 жаста

 

Бауырсақ

 

Түлкі

 

Бөтен адам

 

 

 

1-сахна

 

 

 

Аула. Нұрбек балалармен ойнап жүр. Айбек олардың жанынан көңілсіз өтіп бара жатыр.

 

 

 

Н ұ р б е к.  Қалайсың, Айбек? Қайда шықтың?

 

А й б е к.  Ешқайда. Онша емес...

 

Н ұ р б е к.  Не болды? Кел ойнайық, көңілің көтеріліп қалады!

 

А й б е к.  Әкем ойнап отырған телефонымды тартып алып, өзі шетелге іс-сапарға кетіп қалды. Бүкіл миссияларды бітіріп, енді жеңіп келе жатыр едім.

 

Н ұ р б е к.  Әәә, онысы болмаған екен... Енді не істемексің?

 

А й б е к.  Білмеймін. Мамам да, тәтем де  телефондарын бермей қойды, жек көрем бәрін! Осыдан өсейін... Бәрін тура...

 

Н ұ р б е к.  Мамам маған биыл 5-сыныпты үздік бітірсең бірден айфон әперем деді. Әзірге телефоным жоқ. Кел одан да бірге ойнайық!

 

А й б е к. Жоқ, сендермен бірге күнге күйіп, қап-қара болып далада жүргім келмейді. Одан да жүрші менімен ағама барайық. Ол үлкен зертханада істейді. Жұмыс істеп жатқан кезінде телефонын сұрап алып бірге ойнаймыз.

 

Н ұ р б е к. Қызық бола ма?

 

А й б е к. Әрине, саған күшті-күшті ойындар үйретемін, мына жүрісің не, шаң-шаң болып...

 

Н ұ р б е к. Күшті ойын дейсің бе? Әлгінде көрсеткен ойыныңнан да күшті ме?

 

А й б е к. Иә!

 

Н ұ р б е к.  Кеттік ендеше!

 

 

 

Ә Н

 

 

 

Зертхана.

 

 

 

Н ұ р б е к. (жан-жағына таңырқап) Ағаң осы жерде істей ме? Не деген ерекше жер?! Ешқашан көрмеппін...

 

А й б е к. Иә, осында түрлі тәжірибелер жасайды. Ракета ұшырады.

 

Н ұ р б е к. Ракета дейсің бе? Керемет қой иә? Мен де өскенде осындай жерде істегім келеді. Ол үшін қай пәнді жақсы оқу керек екен а?

 

А й б е к. Әй, білмеймін, ағам бүкіл сабақты жақсы оқыған. Аға? Ағау, қайдасыз? (аралап ағасын іздеп жүр)

 

Н ұ р б е к. Мәә, мынау деген керемет қой!

 

А й б е к. Ей, білмейтін затыңды ұстама. Ағам ұрысады. Ашуланып телефонын бермей қойса тағы... Аға? Ағааа! Тамақ ішуге сыртқа шығып кеткен сияқты...

 

Н ұ р б е к. (ракетаны көріп, ішіне кірді) Айбек, мынаны қарашы! Мұны да ағаң жасаған ба? Мәссағааан!

 

А й б е к. (ракетаның ішіне кірді) Иә, бұл уақыт ракетасы. Жуырда ғана жасап бітті. Енді сынақтан өткіземіз деген.

 

Н ұ р б е к. Кинолардан көріп жүрген уақыт машинасы осы болды ғой сонда... Кез келген уақытқа бара аламыз ба расында?

 

А й б е к. Тиіспе, тиіспе! Баспа ештеңесін!

 

Н ұ р б е к. Басып жатқам жоқ, жай ұстап көріп жатырмын. (кнопкаларын сипалап көрді)

 

 

 

Ракетаның есігі бірден жабылып, роботтардың дауысы шығып, ракета іші шу болып кетті. Айбек пен Нұрбек сасқалақтап, кнопкаларды одан сайын баса бастады.

 

 

 

А й б е к. Баспа дедім саған, ақымақ!

 

Н ұ р б е к.  Басқан жоқпын, жай ұстап көрдім.

 

А й б е к. Сенсор ғой бұл ақымақ, неге ұстайсың? Мамаааа! Не болып кетті! Нұрбееееек! Тоқтаат!

 

 

 

Сахнада лэд экран көрсетіледі.  Айбек пен Нұрбек ракета ішінде. Айналасынан жел соғып, шаштары айқайлап, көздері бақырайып, ғарышқа ұшып бара жатыр. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2-сахна

 

 

 

Ертегілер елі. Түлкілер патшалығы. Ракета қонды. Ішінен Айбек пен Нұрбек шығады.

 

 

 

Н ұ р б е к. Мәссаған, Айбек! Қайда келдік біз?

 

А й б е к. Бәсе, қайда келдік? Мен қайдан білемін?! Ақымақ басым, саған бірге жүр деп қайдан ғана айта қалдым.

 

Н ұ р б е к. Мына жер деген керемет қой а, неге өкініп жатырсың, қайта қуанбайсың ба?

 

А й б е к. Қуанышым қойныма сыймай бара жатыр... Мамааааа (жыламсырайды)

 

Н ұ р б е к. Тұра тұршы, тоқташы, тоқташы, біреу қашып келе жатыр...

 

Б а у ы р с а қ. Көмектесіңдер!!! Көмектесіңдер!!!

 

 

 

Қашып келе жатқан бауырсақты қарсы алып, үшеуі түлкілерден әбден қашады. Түлкілер Айбекті алып кетеді. Бауырсақ пен Нұрбек қашып құтылады.

 

 

 

Н ұ р б е к. Біз қайдамыз?

 

Б а у ы р с а қ. Бұл ертегілер еліндегі түлкілер патшалығы.

 

Н ұ р б е к. Сен мұнда не істеп жүрсің, бауырсақ?

 

Б а у ы р с а қ. Апамнан да, атамнан да, аюдан да, қасқырдан да қашып едім. Мына түлкінің айласы сұмдық екен. Мені алдап жеп қоймақшы, солардан қашып келе жатқанмын.

 

Н ұ р б е к. Олар болмаса да басқасы сені оп оңай жеп қояды ғой. Несіне қашасың? Беріле салмайсың ба? Қарашы, сенің кесіріңнен досымды алып кетті. Енді түлкілер оны жеп қойса қайтемін?

 

Б а у ы р с а қ. Қорықпа, олар адам жемейді. Тек бауырсақ жейді.

 

Н ұ р б е к. Қайда алып кеткенін білесің бе?

 

Б а у ы р с а қ. Иә, кейін жейміз деп олар мені де қамап қойған зындан бар. Сол жерге барайық.

 

Н ұ р б е к. Жүр ендеше.

 

 

 

Екеуі тығылып патшалықтағы зынданға келді.

 

 

 

Б а у ы р с а қ. Ақырын, ақырын. Міне осы жерде...

 

Н ұ р б е к. Айбек, Айбек! Осындамысың?

 

А й б е к. (сыбырлады) Иә, иә, осындамын...

 

Б а у ы р с а қ. Аман-есенсің бе? Сені қалай шығарып алсақ екен?

 

А й б е к. Олар маған, «Егер саналы адамның ұрпағы болсаң, ең алғаш жер бетінде нан қалай пайда болды, сол сұрақтың жауабын тауып бер, сол кезде сені босатамыз деді.

 

Н ұ р б е к. Ііі, нан дейсің бе? Бауырсақ, ата-бабыңның қалай пайда болғанын білесің бе?

 

Б а у ы р с а қ. Есіме түсіре алмай тұрғаным... Балалар біле ме екен?

 

Н ұ р б е к. Балалар, сендердің көмектерің қажет. Нан ең  алғаш жер бетіне қалай пайда болды? (залдағы балалармен диалог)

 

Б а у ы р с а қ. Шуламаңдар, шуламаңдар, қазір түлкілер естіп қояды. Өзімнің есіме түсті! (Айбекке сыбырлап айтады)

 

А й б е к. Түсіндім. Ей, қарауыл! Мен сұрақтың жауабын таптым. Патшаның алдына апарыңдар мені!

 

Н ұ р б е к. Біз де бірге барайық, сені жалғыз жібергеніміз болмас!

 

 

 

Үшеуі түлкі патшаның алдына келді.

 

 

 

Т ү л к і. Нан ең алғаш жер бетінде қалай пайда болды? Таптың ба, балақай? Қателессең достарыңмен бірге қосып қамап қоямыз.

 

А й б е к. Ең алғаш Адам ата бидай егуді қолға алады. Оны ала жаздай егіп, суарып баптап, күзде жинап алып, дәнді аузына салса, қатты, әрі дәмсіз екен. Босқа кеткен еңбегім-ай деп өкініп, ашуланып дәнді таспен ұра бастайды. Ұрып... әбден ұрғылап... сосын...

 

Т ү л к і. Сосын?

 

А й б е к. (басын қасып, жан-жағына қарап тұр) Сосын...

 

Н ұ р б е к. (қолымен ымдап) Айтсаңшы енді міңгірлемей.

 

 

 

Айбек жан-жағына қарап есіне түсіре алмай тұрып қалды. Нұрбек шыдай алмай атып тұрып, жауапты жалғастырды.

 

 

 

Н ұ р б е к. Сосын, бидайды қанша ұрса да үгітіліп аппақ болып тұрып алады. Мұның көзін біратала құртайын деп суға салса да ерімей, қоймалжың затқа, яғни қамырға айналып тұрып алады. «Суға ақпасаң, отқа жанарсың» деп қамырды отқа салса, түсі қызарып, иісі бұрқырап тәтті нанға айналыпты. Жеп көрсе дәмі тіл үйіріп, әрі қарны да тойыпты. Міне, алғашқы нан осылай пайда болған.

 

Т ү л к і.  Бәрекелді! Тәтті бауырсақты қалай жасайтындығын да біліп алдық. Енді бауырсақты алдамай өзіміз пісіріп жейтін боламыз. Маған бір ұнамағаны, сұраққа тұтқынның өзі емес досы жауап бергені. Ал, досы, сен соншама ақылды болсаң, мына сұраққа жауап берші! Жауап бере алмасаң, сені де қосып қамап қоямыз, ұмытпа! Сұрақ! Жылқы неге тұрып ұйықтайды?

 

 

 

Нұрбек ойланып тұрып қалды.

 

 

 

Б а у ы р с а қ. Мен қазір балалардан сұрап көрейін. (сыбырлап) Балалар, жылқы неге тұрып ұйықтайды білесіңдер ме? (балалар жауабы)

 

Н ұ р б е к. Ооо! Есіме түсті! Әжем қисса оқып берген еді.

 

Т ү л к і. Не үшін тұрып ұйықтайды? Ал, жауап бер!

 

Н ұ р б е к. Адам жылқыны қолға үйретіп, бағып, оған жақын болады. Бірде адамды жылан шағайын деп келгенде, жылқы оны тұяғымен мыжып өлтіреді. Содан бері жылан ұрпағы кек алу үшін, жылқыны шағудың сәтін аңдиды екен. Ал жылқы одан сақтанып, тұрып ұйықтайтын болыпты.

 

Т ү л к і. Сен өзі бір тапқыр, білімді бала екенсің. Сені осындай етіп тәрбиелеген ата-анаңа рахмет! Көрдіңдер ме, адам ұрпағы мықты! Ендеше, тұтқындарды босатыңдар! Жолдарың болсын!

 

 

 

Бауырсақ, Айбек, Нұрбек көңілді ән. Екеуі Бауырсаққа қол бұлғап, ракетаға отырып ұшып кетеді.

 

 

 

Лэд экран. Екеуінің көңілді болып желге қарсы, ғарышта ұшып бара жатқан көрінісі.

 

 

 

 

 

3-сахна

 

 

 

Қазақ хандығы дәуірі. Мереке болып жатыр. Абыр-сабыр адамдар. Айбек пен Нұрбек таңырқап солардың ішінде жүр.

 

 

 

А й б е к. Нұрбек, біз қай дәуірге келдік. Мен саған өзіміздің үйге барайық дедім ғой.

 

Н ұ р б е к.  Білмеймін, Айбек! Бірақ мына жер қызық екен иә? Бағанағыдай жан-жануарлар емес, көңілді адамдар. Қандай мереке тойлап жатыр екен?

 

А й б е к. Мұндай мереке қызық емес маған. Қайтайық одан да. Жүр ракетаға!

 

Н ұ р б е к. Қазір, қазір... Тарихшы Жанар апай айтқан ежелгі қазақтар осы болды ғой. Қандай керемет!

 

А й б е к. Керемет ештеңе көріп тұрғам жоқ, ауылдың отсталый адамдарының несі қызық? Киіп алған киімдерін қарашы!

 

Н ұ р б е к.  Олай деме Айбек, бұл біздің ата-бабамыздың дәуірі. Осы кісілердің арқасында бүгінде ұлан-байтақ Қазақстан жерін мекендеп отырмыз.

 

А й б е к. Қазақстаның керек емес маған. Мектеп бітіре сала шетелге оқуға кетемін, сол жерде жұмыс істеймін. Папам солай айтты. Қазақстанды қайтемін? Жүр қайтайықшы а! Қарным ашты менің.

 

Н ұ р б е к. Анау жақта ет асып жатыр. Жүр ендеше тамақ сұрап жейік.

 

А й б е к. Сұрап жүреміз бе? Құры өзі тұр ғой, тез-тез барып жей салайық та, ұрлап...

 

Н ұ р б е к. Қой, ұрлағаны несі? Одан да..

 

А й б е к. Жүр, жүр, әне ешкім жоқ, барлығы басқа жаққа кетті. Тез тез жеп аламыз. Жүр жүр, кеттік!

 

 

 

Айбек тамақ тұрған дастарханға қарай жүгіріп кетті. Не істерін білмей тұрды да, Нұрбек те артынан жүгірді. Екеуі барып тамақ жеп тұр. Жахан артқы жағынан келіп, екеуінің құлағынан бұрап ұстап алды.

 

 

 

Ж а х а н. Ей, ұрлықшылар. Рұқсатсыз неге жейсіңдер? Бұл үлкен қонақтарға арналған тағам. (беттеріне қарады) Сендер кімсіңдер? Қай ауылдан келдіңдер?

 

Н ұ р б е к. Ауылдан болғанда... Біз...

 

А й б е к. (қорқып кетті) Айттым саған... Не істейміз енді?

 

Ж а х а н. Киімдерің неге бөлек? Не киіп алғансыңдар?

 

Н ұ р б е к. Не ғо... брат... Құлағымызды жіберші, бәрін түсіндіріп береміз.

 

Ж а х а н. Брат? Ол не?

 

А й б е к. (жыламсырады) Дұрыстап түсіндірмейсің бе! Құлағым қиылып түсіп қалатын болды.

 

Ж а х а н. Өй, мынау ұрлықшы ғана емес, жылаңқы екен ғой... (Құлақтарын жіберді)

 

Н ұ р б е к. Чертсың ба, жылап позорды шашпашы! Сөйлесемін өзім қазір...

 

А й б е к. 1, 2 , 3! Қашайық! Артымнан тез жүгір, жарай ма?

 

Н ұ р б е к. Өй, қумашы, аттары ерттеулі дайын тұр. Екі аттап қуып жетеді ғой. Қазір өзім шешем алаңдама!

 

А й б е к. Біткенім осы жер ма? Мамамның айтқанын тыңдап тыныш отыруым керек еді. Сотка іздеп нем бар еді, ақымақ басым-ай...

 

Н ұ р б е к. Біз адасып кеттік. Қарнымыз да ашты. Құдайы қонақ ретінде бізге сый құрмет көрсетсеңіздер жақсы болар еді. Әңгімемізді ас үстінде айтсақ...

 

Ж а х а н. Қазақ қонағын қашан да Құдайындай көрген. Бір табақты осы жаққа әкелсін ендеше...

 

 

 

Айбек қуанып кетті.

 

 

 

Н ұ р б е к. Көрдің бе, сонша қорқып едің. Бәрі жақсы болады.

 

А й б е к. Сонда да етті жей салып, бірден кетейікші иә?

 

Н ұ р б е к. Менің атым Нұрбек, бұл досым Айбек. Екеуміз осы ауылға адасып кіріп кеттік. Мұнда не болып жатыр?

 

Ж а х а н. Мұнда түйемұрындық болып жатыр.

 

А й б е к. Түйемұрындық? Түйені мұрнынан байлап алып сабайсыңдар ма?

 

Ж а х а н. Төрт түлікті ұруға бола ма екен? Байдың қызы ұзатылып бара жатыр. Бүкіл жасауымен бірнеше түйеге тиеп кетіп барады. Міне, өзі де келді.

 

 

 

Ауылдың әйелдері көш алдынан арқан керіп тосты. Алдыңғы түйенің бұйдасынан, мұрындығынан мықтап ұстап алды да оны жүргізбей «түйе мұрындық» деген атпен кәде сұрады. Көш бастап келе жатқан кексе әйел оған жол өтеп, көйлек берді.

 

 

 

Н ұ р б е к. Еее, түсінікті. Түйемұрындық деген осы екен ғой.

 

Ж а х а н. «Түйемұрындық» бергенде қыздың төркіні құдаларға қызды ғана емес, түйені де береді. Ал ботасын өзіміз алып қаламыз.

 

А й б е к. Не үшін?

 

Ж а х а н. Араға жылдар салып, әпкеміз үйге баласын көтеріп келгенде, ботаны оған бәсіре ретінде береміз.

 

А й б е к. Бәсіре?

 

Ж а х а н. Иә, сыйлық ретінде.

 

А й б е к. Үйге жеткен соң, мен де нағашыларымнан бәсіре сұрамасам...

 

Н ұ р б е к. Саған не жетпейді, ендіге дейін беріп те қойған шығар.

 

А й б е к. Маған бәсіреге бота емес, айфон 14 сұраймын бірақ)))

 

Ж а х а н. 14 айғыр сұраймын дейсің бе?

 

Н ұ р б е к. Немене, мамаңды Стив Жобстың машинасымен ұзатып па еді?

 

Ж а х а н. Әй, не айтып кеттіңдер? Жап дегенің кім?

 

А й б е к. Ешкім, ешкім... біз жай әзілдеп... (Нұрбекке «қайтайық» деп ымдады)

 

Н ұ р б е к. Жақсы, ендеше біз жолға шығайық.

 

Ж а х а н. Байдың бәйбішесі бүгін ауылдың әйелдеріне ғана емес, бүкіл ауылға «Жарысқазан» беремін деген. Соған да қалмадыңдар ма?

 

А й б е к. Қазан жарыстырасыңдар ма? Нұрбек, қызық болатын сияқты иә, қалсақ па екен?

 

Ж а х а н. (күліп, кекетіп) Жүйрік қазаның бар ма еді? Қазаның бірінші келсе армандаған 14 айғырыңды мен-ақ берейін.

 

Н ұ р б е к. Прикол боп тұрған түрін қарашы, ақымақ. Қазанның жарысатын аяғы жоқ қой, ойланбайсың ба?!

 

Ж а х а н. «Жарысқазан» жасағанда қазан жарыстырмайды. Бәйбіше келінім тезірек жеңіл босансын, немерем аман-есен туылсын деп ауылға үлкен қазанға тамақ жасап береді. Қазандағы тамақ бірінші пісе ме, әлде келінім бірінші босана ма деп ойша жарыстыратын ырым ғой...

 

А й б е к. Ааа, қайдан білейін... біз одан да жолға шығайық...

 

Ж а х а н. Біле жүріңдер, балақайлар... Жолдарың болсын ендеше...

 

 

 

Жахан ән.

 

(әннің соңына қарай Айбек пен Нұрбек ракетаға отырып ұшып кетеді.

 

 

 

4-сахна

 

 

 

Лэд экран. Ракета іші. Айбек пен Нұрбек қуанышты.

 

 

 

А й б е к. Нұрбек, енді қайда барамыз?

 

Н ұ р б е к. Қайда барғаны несі? Үйге, барамыз үйге!

 

А й б е к. Мен мына батырмаларды біраз түсініп қалған сияқтымын. Қарашы, мынау уақыт, мынау баратын жер...

 

Н ұ р б е к. Үйдің суретін бас мына.

 

А й б е к. Америкааа? Қарашы Америка деп тұр.

 

Н ұ р б е к. Тұра берсін,  үйді бас деймін.

 

А й б е к. (таңданып) Американы қарашы, Нұрбек.

 

Таймс скверді көріп келейікші а?

 

Н ұ р б е к. Кейін оқуға барғанда көресің. Үйді бас деймін саған. Сөз ұқпайсың ба? Өй!

 

 

 

«Америка, үй, үй Америка» деп екеуі кнопкаға таласып, төбелесіп кетеді.

 

 

 

 

 

5-сахна

 

 

 

Ракета қонды. АҚШ. Нью-Йорк. Таймс сквер. Көп адам, шулы музыка.

 

 

 

Н ұ р б е к. Есің дұрыс емес сенің! Неменеге келдік бұл жерге!

 

А й б е к. Қош келдік, Америкаға! Жеттім-ау, саған! Уфф... Қанша жыл армандадым...

 

Н ұ р б е к. 50 жыл армандаған адам сияқтысың тура, өмірге келгенің кеше емес пе?

 

А й б е к. Қарашы, айналаның бәрі жалт    -жұлт еткен әлем. Тааак, не істесек екен? Айтшы, неден бастайық?

 

Н ұ р б е к. Елге қайтудан бастайық а?

 

А й б е к. Қуасың ба? Адам әрең келгенде...

 

Н ұ р б е к. Өй, несіне қызығасың бұл жерге? Қайтарда ракетаға мен отырып болып, сен енді отырайын деп жатқанда байқамай ұшып кетсем екен, сені мәңгілікке осында қалдырып. Көрер едім сол кезде...

 

А й б е к. Ашуланбашы, досым... бәрі жақсы болады!

 

Н ұ р б е к. Не тіл білмейсің, несі жақсы?

 

А й б е к. Білем мен! Алаңдама!

 

Н ұ р б е к.  Бұл жер не деп аталады? Мына адамдардың барлығы неге сабылып жүр?

 

А й б е к. Бұл Таймсквер. Мұнда жылына 50 миллион адам көруге келеді. Ойлашы біз де соның біріне айналдық. Бұл жер Нью-Йорктің ғана емес бүкіл АҚШ-тың символы болып саналады.

 

Н ұ р б е к. Әзірге қызық ештеме байқамадым. Бол, тез-тез көр, қайтамыз.

 

А й б е к. Бастамай жатып қайтамыз дегені несі? Мм... Давай, тик-ток түсіруден бастайық! Таймскверде түсірсең бірден рекке шығады ғой иә? Мұндай шансты жіберуге болмайды, досыыым...

 

Н ұ р б е к. Телефоның жоқ, алақаныңа түсесің бе?

 

А й б е к. Сол да сөз болып па? Қазір біреуден сұрап түсе саламыз. (телефон сұрауға кетті). Excuse me...

 

1 minut your phone... Excuse me... (бірнеше адамға айтты, ешкім телефон бермеді) Ешкім бермей қойды...

 

Н ұ р б е к. Өй, сен де бір... Тіл білгенің осы ма? (жұрттардан өзі телефон сұрауға шықты) Sorry, madam! Сould you give us your phone for a minute. We wanted to shoot tik tok. Please...

 

 

 

(Нұрбек телефон алып келеді)

 

 

 

А й б е к. Мәә, тілді қайдан үйреніп алғансың?

 

Н ұ р б е к. Ағылшын тілінен Мариям апай үйретті.

 

А й б е к. Ешқандай курсқа бармай-ақ осылай үйреніп алдың ба сонда? Мен мамам апарған ақылы курстың өзінде тығылып сотка ойнап отырамын.

 

Н ұ р б е к. Жақсы болыпты...

 

А й б е к. Осыдан бара салып, дұрыстап үйреніп алмасам...

 

Н ұ р б е к. Ештен кеш жақсы...

 

А й б е к. Ал, ендеше бастайық. Артымда тұрып қайталасаң болды.

 

Н ұ р б е к. Жай билемей, одан да тамаққа тиын-тебен табайық. (шапкасын шешіп, ақша салу үшін алдына қояды)

 

 

 

 

 

(Тик-токтағы танымал билерден попурри билейді. Біраз адам ақша салады)

 

 

 

Н ұ р б е к. Көңілім біраз көтеріліп қалды. Ақша да біраз түскен сияқты иә?

 

А й б е к. Жүр, анау көгалға отырып санайық.

 

 

 

Екеуі көгалға барады. Түрі сұсты бөтен ер адам бұларды ағаштардың арасынан сығалап, аңди бастайды. Айбек ақша санап отыр. Әлгі адам енді ұстап алмақшы болғанда, Айбек қуанып орнынан атып тұрып ұстатпады.

 

 

 

А й б е к. Бір кісіге өнеріміз қатты ұнаған болуы керек, 500 доллар беріп кетіпті.

 

Н ұ р б е к. Рас айтасың ба? Жақсы болды иә?! Онда саған Американың қақ ортасындағы apple storeдан барып айфон алайық!

 

А й б е к. Маған аламыз ба? Рас айтасың ба? Онда алдымен жақсылап тұрып бургер жейік!

 

 

 

Екеуі бургер алып жеді. Қызықтап қаланы аралады. Әңгүдіктеу бөтен адам бұларды ұстаудың ретін таппай, ұстай алмай жүрді. Оның көп қылығы көрермендерді күлкіге бөледі. Бөтен адам құрған торға Айбек пен Нұрбек түспей, өзі түсіп қалып отырды. («Один дома» фильміндегідей)Олар айфон магазинінен телефон сатып алды. Түрлі селфиге, айналасын видеоға түсірді.

 

 

 

Н ұ р б е к. Айбек, кеш те батайын деп қалды. Қайтамыз ба?

 

А й б е к. Қазір ана ғимараттың алдына барып бір селфи жасайын, болды қайтамыз сосын...

 

 

 

Айбек бара жатқан жолда бөтен адам телефонын алып қашты. Оны көріп тұрған Нұрбек оны тұра кеп қуды. Бөтен адам шалынып құлап, сотка ұшып түсті. Екеуі оны ала сап ракетаға қарай қашты.

 

 

 

Н ұ р б е к. Айттым саған қайтайық деп. Осы адам бағанадан бері бізді аңдып жүргендей көрініп еді. Тез, тез! Қазір қуып жетеді!

 

 

 

Екеуі жүгіріп ракетаға отырды. Бөтен адам қуып жетті. Олар есігін жауып үлгерді. Бөтен адам жұлқылап есікті аша алмай жатыр.

 

 

 

Лэд экран.

 

Ракетаның ішіндегі Айбек пен Нұрбектің жағдайы көрсетіледі. Олар қай кнопканы басса да ERROR, ОШИБКА деп қызыл жана береді. Ракета ұшпай қояды. Олар қатты қорқып сасқалақтайды.

 

 

 

А й б е к. Үйдің суретін басшы, үйдің!

 

Н ұ р б е к. Соны саған Америкаға келмей тұрып басайық дедім. Енді істемейді міне!

 

А й б е к. Бензині таусылып қалды ма екен? Мына  жаман адам ұстап алса не істейміз, Нұрбееек?

 

Н ұ р б е к. Қазір есікті сындырып кіреді міне... Біткен жеріміз осы. Көп құтырмай қайту керек еді бағана.

 

А й б е к. Міне, мынаны басшы, мынаны...

 

 

 

Екеуі екі жақтап кнопкаларды баса береді. Бір кезде аяқ асты істеп, ракета ұшып кетеді. Олар уфф, деп шаршап отырып қалады.

 

Ракета қалықтап ұшып бара жатыр.

 

 

 

Зертхана. Екеуі ракетадан түсті. Аман-есен келгендеріне қуанышты.

 

 

 

Н ұ р б е к. Уфф, жеттік-ау, әйтеуір...

 

А й б е к. Не көрмедік өзі?!

 

Н ұ р б е к. Сенің де ойлап таппайтының жоқ. Ракета қайдан есіңе түсе қалды.

 

А й б е к. Не болса да, саған көп рахмет! Сен болмағанда қай дәуірде қалатынымды Құдай білсін!

 

Н ұ р б е к. Бірге өткіздік қой барлығын.

 

А й б е к. Саған қатты риза болып отырмын. Сен болмасаң мына жерге қайта алмас едім. Айфонды саған сыйлайын.  Маған әкем жуырда әпереді.

 

 

 

 Сөмкеден телефонды іздейді. Төңкеріп сілкілейді. Телефон жоқ.

 

 

 

А й б е к. Телефонды көрген жоқсың ба?

 

Н ұ р б е к. Жооқ, сенде еді ғой. Қашып бара жатқан кезде түсіп қалды ма?

 

А  й б е к. Солай сияқты. Қап-ая! Мүмкін емес, сөмкеге салған едім...

 

Н ұ р б е к. Жарайды ештеңе етпейді. Бастысы достығымыз ажырамасын!..

 

А й б е к. Дұрыс айтасың! Достық жасасын!

 

 

 

Әннің музыкасы басталады.

 

Айбек байқаусызда ракета ішіне түсіп қалған телефонды тауып алып, Нұрбекке береді. Бір-бірін құттықтайды.

 

Ән.