Орыс труппасының 60-шы театр маусымы

Қазақ труппасының 34-ші театр маусымы

Пьеса ТӨРЕМҰРАТ БАТЫР

Төле Мадина

 

«ТӨРЕМҰРАТ БАТЫР»

Балаларға арналған

2 көріністі пьеса

 

Қатысушы кейіпкерлер:                                                                                                                     

Төремұрат –  он екі ата Байұлының ішіндегі таз руының атақты батыры

Қыз Данай - теңдесі жоқ сұлу, ақыл-парасаты жаннан асқан перизат

Құрманғазы  – Төремұратың нағашысы, күйші

Қитарбай - Қыз Данайға айттырылып қойылған адам

Атабек  - Төремұраттың жолдасы

Ертегіші

Термеші

 

Көпшілік сахнада: ауыл бозбалалары мен бойжеткендері

 

 

Ескерту:

Бұл пьеса - он екі ата Байұлы таз руының Жастабан тармағынан шыққан белгілі батыр Төремұрат пен Қыз Данай туралы аңыздарға сүйене жазылды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бірінші көрініс

Сахнада қазақтың кең даласы, орман-көлі, жүгірген жылқы дүбірі, сыңғырлаған бұлақ даусы, ауыл тіршілігін бейнелейтін дыбыстар қосылады.

Сахна декорациясы киіз үй жабдығымен жабдықталған (шаңырақ кереге) ұлттық ою-өрнектермен безендірілген (көрпе, ыдыс-аяқ т.б) ұлттық нақыштағы заттар болуға тиісті.

Ертегіші:  Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауылы қызылда, құйрық жүні ұзында жайқалған жасыл қалың орманды, ну тоғайлы, сұлулығына сөз жетпес өзен-көлді, ақбұйрат таулы, ұшы-қиыры жоқ кең далада қазақ деген көшпелі ел мекен етіпті. Күндері мереке мен сауыққа, ақ дастархандары асқа толы, пейілдері кең елге жер-жерден қонақтар көп келеді екен.

 

Ортаға Құрманғазы домбырасымен  шығып

«Төремұрат» күйін орындайды.

Күй орындалып біте бергенде әсем ән шырқаған көңілді жастар Құрманғазыны айналып отырады.

 

Құрманғазы:  Әп, бәрекелді! Сәні мен салтанаты, береке мен бірлігі жарасқан ел болса сендердей болсын!

 

Төремұрат: Шіркін-ай! Құрманғазыдай құдірет иесін көретін күн туар ма? – деп аһ ұратын еді мына ел! Дәм айдап келіп қалғаның жақсы болды!

 

Құрманғазы:  Еее, ендеше, тағдырдың жазуымен босағаңа келіп ат басын тіреген жайымыз бар!

 

Төремұрат: Бұл ел – сенің де елің! Күйші күңіренгенде күй шығарады деп естуші едім. Күңіренбе, күйші! Елдік пен ерліктің күйін төк қара домбыраның шанағынан!

 

Құрманғазы: Жаралы көңілімнің жан жарасына ем тапқандаймын!  Шабыттың пырағына мініп, ел құрметіне бөленгеннен артық бақыт бар ма?!

 

Төремұрат: Төр де сенікі, мынау елдің ақ жүрегіндегі тілек те сенікі!

 

Құрманғазы қолын жайып бата береді

 

Құрманғазы:

Батырым, бата берейін!

Үстем болсын мерейің!

Елің, жерің, жұртыңа

Ақ тілекті төгейін!

Жортқанда жолың болсын!

Кеудеңді қуаныш кернесін!

Жамандық атаулы ермесін!

Абыройлы, арлы өр қазақ

Жақсылыққа құлаш сермесін!

Мын отырған тегіс ел

Қайғы-қасірет көрмесін!

Әумин!

 

 

Көңілді кешті Жастар айтыспен қыздыра түседі.

 

Қыз:

Атымды шешем сүйіп қойған Еркін,

Той болса, түзетемін кәмшат бөркім.

Қолыңда еркің болса мені алғандай,

Неше жүз үйіңде бар сенің жылқың?

 

Жігіт:

Атынды шешең сүйіп қойған Еркін,

Той болса, түзетесің кәмшат бөркің.

Ер күшінен тау аударылар деген бар ғой,

Алармын, болмаса да жалғыз жылқым.

 

Қыз:

Атымды шешем сүйіп қойған Еркін,

Той болса, түзетемін кәмшат бөркім.

Қайраты кеуде жарған сен ер емес,

Маңыма жоламайтын сендей шіркін.

 

Жігіт:

Жердің сәні болмайды ел кеткен соң,

Жүк көтермес қара нар бел кеткен соң.

Кетерінде сіңліңе тапсырып кет,

Өгейсітіп жүрмесін ержеткен соң.

 

Әзіл-қалжыңдары жарасқан жастар өзара күлісіп, қазақтың халық әндерін айтып, ақындар өлең оқиды.

 

Ертегіші:  Осы бір көңілді топтың ішінде өзі асқан батыр, өжет те өнерлі, өрелі, жастайынан ерке, батыл болып өскен, еш нәрседен тайсалмайтын ержүрек,балуан, домбырашы, найзагер  алып тұлғалы Төремұрат деген батыр болыпты. Осындай батырдың жүрегіне шоқ түсірген көркіне аттылы бұрылып қарайтын сұлулығы мен ақыл-парасаты жағынан да асқан перизат, сөзге шешен, ақылды Қыз Данай деген арудың атын жігіттер әнге қосады екен. Екеуі Құрманғазыдай күйшінің құрметіне арналған жиында бір-біріне кез болыпты. Аты әйгілі Төремұратты көрген Қыз Данай оны сынамақшы болып ыстық су толы  құманымен қонақтардың қолына су құймақшы болады.

 

 

Төремұрат айналасына жиылып отырған  нөкерлердің қолына ыстық су тигенде шыдай алмай, қолдарын жалма-жан тартып алады. Кезек Төремұратқа келеді. Қыз ыстық су толы құманнан су құйып тұр, ал, батыр еш сыр білдірмей, түк болмағандай бейқам күйде көзін қызға қадап қолын жайбарақат жуып отыра береді.

 

Төремұрат: Атабек, көп жылғы адал сырласымсың! Көңіліме жақын досымсың! Бір сауал қойсам, бұлтартпай жауап беремісің?

 

Атабек: Қимасым сен сұрағанда, жауап бермей маған не болыпты?

 

Төремұрат:  Қос бұрымы жерге түскен, қиылған қас,  ақша бет ақмаңдайдың өзін көріп отырмын бүгін мен! Қынама бел қамзолының өңіріндегі меруерттер сұлудың  өзін ақ моншаққа ұқсатып жібергендей. Өңім бе? Түсім бе? Қанша жер араласам да мұндай сұлу көрмедім!

 

Атабек: Аты шулы батыр Төремұрат Қыз Данайдай перизатқа ғашық болғаны ма?

 

Төремұрат: Қыз Данай деймісің? Дана десе дана екен!

 

Атабек: Ынтық сезіміңе селкеу түсірмейін. Жалындап, лаулап бара жатқан махаббат отыңды өшірмейін! Бірақ, бір айтарым, қанша сұлу болғанымен, тағдыр жолы ауыр Қыз Данайды ата-анасы өзінен отыз жас үлкендігі бар Қитарбай атты байға бермекші деген қауесетті естуім бар еді...

 

Төремұрат: Арда өскен, ары таза ардағым! Басында қайғысы, көңілінде мұңы бар екен ғой. Сұлулығы екен жасырып тұрған! Қыз сырын ұғайын! Көңілі мені қаласа сертім серт!

 

Төремұрат батыр жиында отырған жастар арасынан Қыз Данайға жақын жерге келіп отырады. Қызға  көзінің қиығымен бір қарайды. Қарайды да көзін ала алмай қалады. Онысын байқап қалған қыз, күлімсірей тіл қатады.

 

Қыз Данай: Батыр, көзіңіз қисайып кетпесін! (күледі)

 

Қыздың сөзі намысына тиген батырдың жүзі күреңітіп,қызға тесіле қарап, сөзін нықтап

 

Төремұрат: Сол иығыма құс еркесі аққудың өзі келіп жайғасқандай!

 

Қыз Данай: Сол аққуыңыздың ұшатын уақыты таяу. (көңілі түсіп, төмен қарайды)

 

Төремұрат: Сол аққу құс өз қалауымен ұша алады ма?

 

Қыз Данай: (көңілі көтерілген қыз) Сыңарын тапқан аққу құсқа шынжыр да бөгет бола алмас!

 

Төремұрат: Онда аққу құстың орманына өз орманымды матап байладым!

 

Қыз Данай: Аққулар ажырамас болар!

 

Көптің назары Құрманғазыға ауады . Күйші «Қыз Данайдың күлкісі» «Қыз Данайдың жүрісі» «Қыз Данайдың ажары» атты күйлердің бірін орындайды.

 

 

 

 

Екінші көрініс

 

Таң енді ата берген уақыт. Баяу музыка. Сахнаға Төремұрат батыр мен Қыз Данайдың көлеңкесі түседі. Екеуі бір-біріне қарсы жүріп келе жатады, бір- біріне қараған күйі айналып өтеді. Қайтадан қосылады.

 

 

Төремұрат:  Күлімдеген күн бе екенсің?

                      Шұғылаңды шашар жаныма.

                      Нәзік жүрек гүл ме екенсің?

                      Көрік берер бағыма?

 

Қыз Данай: Аспанымның қыраны, жансың қандай?

                      Көңіліме нұр себер алтын таңдай!

                      Алып тұлға,өжет те, батыл батыр

                      Сеніменен күн сөнбес бақыт таппай!

 

Төремұрат: Сыры неде, бұл сезімнің біле алмадым

                     Сезем сендей арумен сыңар жаным.

                     Тағдырыма жазған менің бағым болсаң

                     Біз кемесі болармыз бір арнаның!

 

Қыз Данай: Менің де көңілім сенімен алаң екен,

                      Тағдыр бізді жаңылмай табар ма екен?

                      Сезіміңе болмасын ызғар бөгет

                      Сендей батыр мені жар деп алар ма екен?

 

Төремұрат:  Қос бұрымды, ашық маңдай, өр мүсін,

                       Аңсағаным өмір бойы сенбісің?

                       Сені іздеп Төремұратың шарқ ұрды

                       Қондырайын алақанға, кел құсым!

 

Төремұрат батыр мен Қыз Данай сырласып тұрғанда дүбірлеген тұяқ даусы.Айқай-шу естіледі. Қолдарына найза, семсер ұстаған бір топ аттылар Төремұрат пен Қыз Данайды айналып тұрады. Үрейлі музыка қосылады. Алыстан қобыз үні естіледі.

 

 Төремұрат: Түнделетіп, еш ескертусіз, суыт келген қайсысың? Бейбіт күнде еліме, жеріме ойран салатындай менде қалған не ақың бар?

 

Топтың ішінен жасы егделеу Қитарбай суырылып шығады.

 

Қитарбай: Мен саған жау емес едім, батыр! Алыстан алтыныма қызығып, намысыма тиген өзің! Мен сенің жеріңе ойран салсам, сен менің арыма, намысыма дақ түсірдің! Қыз Данай ежелден келісіліп, атастырылған, маған ғана тиесілі, менің жарым! Рұқсатсыз қол салып, шектен тыс кеттің, батыр!

 

Төремұрат:  Келісілген жарым дейсің, бай! Қыздың келісімі бар ма сенде? Сүймек бар да, өшпек жоқ! Алдыма тұрма! Қыз Данай сенің теңің ба еді?

 

Қитарбай: Сенімен тайталасып тұрмаймын! Елің мен жеріңді қанға бөктірмей тұрғанда қызды қайтар! Сен де мен де бітісейік осымен!

 

Төремұрат: Өліспей, беріспеймін! Жекпе-жек!

 

Шулаған жұрт «Жекпе-жек!» деп қостай кетеді! Үрейлі музыка үдей түседі! Төремұрат пен Қитарбай алыса түседі. Біраз уақыттан кейін Төремұрат батыр, Қитарбайды жерге құлатып, найзасын көтере бергенде Батырдың ту сыртынан біреу келіп семсер қадайды! Төремұрат батыр шалқасынан құлайды! Қыз Данай жалма-жан батырға жүгіреді!

 

Қыз Данай: Арысым! Азаматым! Батырым!

 

Төремұрат: Арманда кеткен ардағым, Қош бол..!

 

Жерде жатқан семсерді көтеріп, Қыз Данай Қитарбайға қарсы жүгіреді

 

Қыз Данай: Жүрексіз, сұмырай! Жеттің бе, түбіне арысымның?

 

Қитарбайдың нөкерлері қызды қинап,алып кетеді. Зар жылаған Қыз Данай амалсыз кете барады. Музыка.

 

Ертекші: Әйгілі Төремұрат пен Қыз Данай оқиғасы осылайша аяқталды. Тағылымы мол, тарихы терең қасиетті қазақ жерінде Төремұрат сынды асыл ерлер ержүрек батырлығымен, еліне, жеріне сіңірген елеулі еңбегімен мәңгілікке біздің санамызда сақталмақ! Ол ешқашан да өлмек емес!

 

 

Баяу терме орындалады.

Термеші:

Толықсыған  елдерім,

Сол  елдерім  ішінде

Төремұрат, Өтендей

Бақытты  туған  ерлерім,

Сол  ерлерім  барында

Қолдан  намыс  бермедім.

Орыс  деген  жұртына,

Жемнің  бойын  алдырмай,

Жемге  қала  салдырмай,

Дін  қылышын  сермедім,

Құлшылыққа  көнбедім,

Дұшпанға  теңдік  бермедім.

(Бала  Ораз, ақын—жырау).

 

Екі  жүзді  семсердің

Балдағы  қолда  қалғанша,

Ат  басындай  сом  жүрек

От  болып  лаулап  жанғанша.

Мөлдіреген  екі  көз

Жұмылып  қанға  толғанша.

Тыным  алып,  ас  ішпей

Ат  бауырынан  қан  кешпей,

Ел  бетін  көрмес  күн  бүгін!..

(Төремұрат  жырау.)

 

СОҢЫ.