Орыс труппасының 60-шы театр маусымы

Қазақ труппасының 34-ші театр маусымы

V Халықаралық «BALAUSA» экспериментальды спектакльдер фестивалі

2022 жылдың 20-25 сәуір аралығында облыс әкімдігінің қолдауымен Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында V Халықаралық «BALAUSA» экспериментальды спектакльдер фестивалі өткізілді.

 Фестивальде Ресейден және Республикамыздың әр өңірінен жиналған 8 театр ұжымы экспериментальды бағыттағы 8 қойылымды көрермен назарына ұсынды.     Аталмыш театр ұжымдарының өнерін сараптау үшін қазылар алқасы құрамына театр майталмандары мен арнайы театр мамандары шақыртылды. Қазылар алқасының төрағасы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, өнертану ғылымдарының кандидаты Жуасбек Еркін Тілеуқұлұлы болса, қазылар алқасының мүшелері З.Исмагилов атындағы Уфа мемлекеттік өнер институтының өнер тарихы және теориясы кафедрасының меңгерушісі, доцент, өнертану ғылымдарының кандидаты Сагитова Айсұлу Сынтемировна, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Юнисова Алтынай Юнисқызы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, театртанушы Қонақбаева Ардақ Құрманғалиқызы, ҚР Мәдениет қайраткері, сценограф, «Алақай» қуыршақ театрының директоры Құрманалина Әсия Тәжібекқызы болды.                                                                                                                              

Фестиваль қорытындысы бойынша, қазылар алқасының шешімімен: «Үздік қойылым» номинациясы Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Мемлекеттік қуыршақ театрына» «Макбет.Иллюзия» спектаклі үшін; «Үздік режиссерлық жұмыс» номинациясы Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының режиссері Мейрам Хабибуллинге «Ричард ІІІ» спектаклі үшін; «Үздік сценография» номинациясы Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Мемлекеттік қуыршақ театрының» суретшісі Чернова Юлияға «Макбет.Иллюзия» спектаклі үшін; «Үздік ер адам ролі» номинациясы ШҚО «Дариға-ай» жастар театрының актері Елдос Қасымбековке Ш.Айтматовтың «Ізде» спектаклі үшін; «Үздік әйел адам ролі» номинациясы Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық  музыкалық драма театрының актрисасы Әлия Бисенбиеваға Ф.Г.Лорканың «Бернарда Альбаның үйі» спектакліндегі «Бернарда» образы үшін; «Үздік актерлық ансамбль» номинациясы С.Мұқанов атындағы мемлекеттік қазақ сазды-драма театрына Б.Нушичтің «Қарапайым адам» спектаклі үшін; «Көрермендер көзайымы сыйлығы» номинациясы С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрына О.Жанайдаровтың «Жұт» спектаклі үшін берілді. Ресейден келген А.С.Пушкин атындағы Орск мемлекеттік драма театры О.Уайльдтың «Флорентийская трагедия» спектаклімен фестивальге қатысқаны үшін арнайы дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, фестиваль барысында Қазақстанның Халық артисі, көрнекті режиссер Қадыр Жетпісбаевтің жұбайы Зәуреш Абильханова марқұмның атындағы арнайы жүлде тағайындады. Қадыр Жетпісбаев атындағы «арнайы жүлде» Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахналаған О.Бөкейдің «Ұйқым келмейді» спектаклінің режиссері Бәзіл Сұлтанғазыға берілді. Сонымен қатар, әр театр ұжымына статуэтка, «Балауса» логотипі бейнеленген естелік диплом және сыйлық пакеттері берілді.