60-й театральный сезон русской труппы

34-й театральный сезон казахской труппы

СМИ о нас «Ер Едіге» спектаклі көрермендерге ұсынылды
«Ер Едіге» спектаклі көрермендерге ұсынылды

«Ер Едіге» спектаклі көрермендерге ұсынылды

Кеше Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры жөндеу жұмыстарынан соң есігін қайта ашты. Бұл күні «Ер Едіге»  этнофольклорлық тарихи драмасының премьерасы өтті. Жаңа қойылымды облыс әкімі Оңдасын Оразалин, мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым тамашалады.

Сол күні өңір басшысы Оңдасын Оразалин «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Светқали Нұржанды қабылдады. Ең алдымен өңір басшысы ақынның отбасында болған қайғылы жағдайға байланысты көңіл айтып, біздің өңірге өзі авторлық еткен «Ер Едіге» спектаклінің тұсаукесеріне келгені үшін алғысын білдірді.

Премьераға байланысты ұйымдастырылған баспасөз мәслихатына спектакльдің авторы, қоюшы режиссері, шығармашылық топ өкілдері қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, аталған қойылымға облыстық бюджеттен 19 миллион теңге жұмсалған.

— Біз бұны республикалық деңгейде алып шығатындай етіп қоюға тырыстық. Білікті мамандарды тарттық. Болашақта өз шығынын ақтайды деп ойлаймыз. Спектакльге 19 миллион теңге кетті. Бұл қаражаттың ішінде актерлердің костюмдері, шығармашылық топтың қаламақысы бар.

Жалпы, өңірде Едіге есімін ұлықтауға бағытталған бірқатар шара атқарылып жатыр. Атап айтсам, облыс орталығында Едіге батырдың ескерткіші орнатылып, соның құрметіне Ақтөбе қаласында даңғыл аты берілді, сондай-ақ облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан жыр мектебі ашылды. «Едіге деген ер екен» республикалық жыршылар байқауының өтіп, «Едіге» жинағының күйтабақ түрінде жарыққа шыққанын да білесіздер. Осы спектакль — соның заңды жалғасы. Алдағы уақытта кино түсіреміз бе деген жоспарымыз бар, — деді басқарма басшысы.

Жиын барысында пьеса авторы, ақын, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржан, спектакльдің қоюшы режиссері Данияр Базарқұлов, облыстық драма театр директорының жалпы сұрақтар жөніндегі орынбасары Нұрлан Бөкеновтер сөз алып, дайындық барысы туралы айтты.

Қойылымда Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония артистері, атап айтсақ, «Арайлы Ақтөбе» ансамблі мен Қазақ камералық хорының әншілері де өнер көрсетеді.

Есімі аңызға айналған қолбасшы әрі батыр Едігеге арналған қойылымның премьерасы осы демалыста, яғни 19-20 ақпан күндері сағат 18.00-де жалғасатынын айта кету керек.

P.S. Премьера туралы материалды газетіміздің алдағы бейсенбілік санында оқи аласыздар.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Источник. https://aqtobegazeti.kz/?p=109834