60-й театральный сезон русской труппы

34-й театральный сезон казахской труппы

СМИ о нас Ахтанов театрында — екі премьера
Ахтанов театрында — екі премьера

Ахтанов театрында — екі премьера

Өңірдегі коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиологиялық ахуал бірте-бірте жақсарып, көптеген мекемелер бәз-баяғы жұмыс режиміне көшіп жатыр. Бұл қатарда Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры да бар. Труппа осы аптада көрермендерін екі бірдей спектакльдің премьерасымен қуантты.

— Сәуір, мамыр айларында жаңа спектакльдерді ұсынуды жоспарлап едік. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты барлығы кейінге қалдырылды. Оған кәдімгідей көңіл күйіміз түсті.

Дегенмен, қарап отырмай, қатарынан 5 қойылымды дайындап қойдық. Халықтың күнделікті тіршілігін суреттейтін, қалыпты өмірден алынған, көпшілікке түсінікті спектакльдерді ұсынуды мақсат еттік. Неге десеңіз, көрермен қияли дүниелерден жалықты. Олар сахнадан бүгінгі өмірді көргісі келеді. Мысалы, осы жағынан келгенде, қазіргі кезде Иран Республикасының кинолары озып тұр. Өйткені ол жақтың киногерлері шынайы өмірге негізделген картиналарды түсіреді… Сол сияқты біз де осыған басымдық беруді жөн көрдік, — дейді аталған театр директорының міндетін атқарушы Олжас Ибраев.

Бірінші боп 8 маусым күні Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде Барзу Абдуразаковтың «Айналайын» драмасы сахналанды. Қойылымның режиссері — Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрынан арнайы келген Айдын Салбанов. Костюм суретшісі — Айгерім Амантай, ал музыкамен көркемдеген — Жеңіс Ноғайбаев. Туындыда ана мен бала арасындағы сағыныш суреттеледі. Бар-жоғы екі артист ойнайтын спектакльде «саған жарық дүние сыйлаған адамға хабарласып, халін сұрауды ұмытпа» деген идея басты лейтмотивке алынған. Мұнда басты рөлді ҚР Мәдениет саласының үздігі Майра Ильясова сомдаса, оның баласын ойнау театрға жақында қосылған Айдос Нұрмағамбетовке жүктелген.

— Спектакльдің жас ұрпаққа беретіні мол. Күнделікті тіршілік қамымен жүріп, анамыздың бірауыз «Айналайын» деген жылы сөзін естуді ұмытпауымыз керектігін, ең жанашыр адамды қадірлеуге шақырады. Ақтөбелік өнерсүйер қауымның көңілінен шығады деген сенімдемін, — дейді қоюшы режиссер Айдын Салбанов.

Екі күн қойылған премьераны көрермен жақсы қабылдады.

Ал 10 маусым күні театрдың қазақ труппасы «Қара пима» психологиялық драмасын сахналады. Көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жарық көрген осымен аттас поэмасын білмейтін қазақ оқырманы кемде-кем. Өйткені поэманы оқып, ерекше шабыттанған композитор Алтынбек Қоразбаев оған саз шығарып, толғау ретінде екінші тынысын ашады һәм жалпақ жұртшылыққа кеңінен танытады. 1996 жылы осы толғауды әнші Алма Аманжолова Алматыдағы Республика сарайындағы концертте алғаш орындап, кең тынысты қажет ететін тағдырлы туындыны тыңдарман қауымға етене таныстырған болатын. 2009 жылы осы поэманың негізінде кино (режиссері — Руслан Иманғали) да түсіріліп, «Қара пиманың» аты одан сайын асқақтайды.

Театр сүйер қауымға да бұл бөтен емес. 2014 жылы Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театрында «Қара пима» спектаклі тұңғыш рет сахналанды. Қоюшы режиссері — Айдын Салбанов.

Енді, міне, Ахтанов театрында да осы спектакль көрермен назарына ұсынылды. Қоюшы режиссері Айдын Салбанов болса, музыкамен көркемдеуші — Тимур Ерімбетов, суретшісі — Айгерім Амантай.

Оқиға желісі көпшілікке таныс болса да, аз-кем тоқталсақ: ауылдағы қазақ отбасының тағдыры негізге алынған. Тату-тәтті тіршілік кешкен шаңырақтың отанасы кенеттен көз жұмғанда, мектеп жасындағы жалғыз баласы бар азамат қатты қиналады. Зайыбынан көз жазып қалған ол өксігін баса алмай, ащы суға беріледі… Араққа салынған отағасы жақын-жуықтары тұрмақ, баласының сөзін елемей, әбден қарызға батады. Үйдегі бар заттарын саудалап үлгереді. Ондағы ойы — арақ алу. Мәселенің ушыққаны сондай, әкесі баласының жақсы көретін домбырасын сатып жібереді. Кейін…мектепке киетін жалғыз қара пимасын да зиянды әдетінің жолында құрбан етеді. Қыс мезгілінде жалаңаяқ қалған ер бала кімнен көмек сұрарын білмей, өміріндегі қиын сәтті басынан өткереді… Айыбын түсініп, ақылға келген әкенің ұлына су жаңа пима алып беруімен бәрі орнына келе ме?.. Оқиғаның қалай аяқталатынын білгісі келгендер оны театрдан тамашалай алады. Басты рөлде Бекжан Қайроллин, анасын Жанар Кемалбаева (екінші құрамда Айнагул Өлмесекова), әкесін Айдос Нұрмағамбетов (екінші құрамда Есет Оразалин), ал көрші апаны Майра Ильясова сомдаған спектакль екі күн бойы сахналанды.

Біз қоюшы режиссерді әңгімеге тартып, Ақтөбедегі «Қара пиманың» қанша күнде дайындалғанын, спектакльді сахналаудағы қиындықтар туралы пікірін білген едік.

— Уақыттың тығыздығы, техникалық қою жағынан қиындықтар болды. Егер осы жайттар болмаса, мүмкін, кем-кетіктер болмас та еді?! Спектакльді бас-аяғы 20 күнде дайындадық. Бірақ бәрібір осы ұжыммен аз да болса жұмыс істегеніме қуаныштымын. Бұл қойылымда мен ақыл, қайрат, ыстық жүректі қатар ұстау керектігін, яғни Абайдың ілімін негізге алдым. Адамгершілікті «ішіп қоймау» керек, соны көрерменге жеткізгім келді.

Менің ойымша, театр — айна. Біз қоғамда бар нәрсені көрсетеміз. Бұл жер халықты тәрбиелейтін орын емес. Сондықтан маскүнемдік сияқты мәселе бар ма, оны да сахнада көрсету керек деп ойлаймын, — деді екеуара әңгімеде Айдын Салбанов.

Жалпы, пандемияға қарамастан, облыстық драма театрда жыл басталғалы бұған дейін де 2 жаңа спектакль көрермендерге «жол тартты». Атап айтсақ, орыс труппасы «Во всём виновата гроза» комедиясын, ал қазақ артистері «Алғашқы махаббат» қойылымын ұсынды. Екеуі де мәңгілік тақырып — ғашықтық жайлы сыр шертеді.

— Қазіргі таңда театрда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан «Алақай» қуыршақ театры мен Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің ғимараттарын паналауға мәжбүрміз. Әңгіменің ашығы, кіші залда біз күрделі, ауқымды қойылымдарды ұсына алмаймыз. Сондықтан сахнаның тарлығын, көрермен отыратын орынның аздығын ескере отырып, сахналық безендіруді аса қажет етпейтін осындай  пьесаларды сахналаймыз деп шештік. Сол үшін қатарынан 4-5 шағын спектакльді дайындадық. Бұлардың жанры әрқилы, әртүрлі жастағы көрерменге арналған, — дейді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директорының міндетін атқарушы Олжас Ибраев.

Айта кетейік, қазіргі таңда Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының қазақ және орыс труппасында 60-қа жуық актер еңбек етеді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ

Источник. https://aqtobegazeti.kz/?p=101796